Malim.kz
Қоғам

Аида Балаева журналист Ботагөз Омарованың ұсталуына қатысты ресми мәлімдеме жасады

Арман Қайыпхан
Фото: видеодан кадр

Мәдениет және ақпарат министрлігі журналист Ботагөз Омарованың ұсталуына байланысты жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Ведомство мұндай жағдайларда заңда көзделген барлық рәсімдер аяқталғанға дейін асығыс түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, дәлелсіз қорытындылар жасауға және алдын ала баға беруге болмайтынын ерекше атап өтті. Сондай-ақ оқиға мәнін бұрмалау немесе процесс қатысушыларын негізсіз қаралауға әкелуі мүмкін мәлімдемелерге жол бермеу маңызды екені айтылды.

Министрлік аталған іс бойынша шешім әділ болады деген сенім білдірді.

Сонымен қатар таратылып жатқан ақпараттың дұрыстығын тексеру «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңында бекітілген журналистердің негізгі міндеттерінің бірі екені еске салынды. Заңнамада, атап айтқанда 68-бапта, шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратқаны үшін жауапкершіліктен босататын жекелеген жағдайлар қарастырылған, соның ішінде ресми мәлімдемелерді сөзбе-сөз, өзгеріссіз келтіру жатады.

Министрлік кез келген мәселені қарау барысында «Заң және тәртіп» қағидатын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті. Ведомство жағдайды мұқият бақылап отырғанын және қажет болған жағдайда өз құзыреті аясында шаралар қабылдауға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар барлық процессуалдық әрекеттер заңнама талаптарына сәйкес, сыртқы араласусыз жүргізілуі тиіс екені айтылды.

Бұған дейін журналист Ботагөз Омарованың не себепті ұсталғаны туралы жазған едік. «Әділ сөз» қоры осы жағдайға қатысты алаңдаушылық білдірген еді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары