Танымал театр және кино актері Азамат Сатыбалды журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында отбасындағы ең қиын кезеңдердің бірі туралы ашық әңгімеледі, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесінің айтуынша, олар отбасында бір ғана ұл тәрбиелеп отыр. Алайда кейде айналасындағылардың айтқан сөздері көңіліне ауыр тиген кездер де болған.
"Біздің бір ғана ұлымыз бар. Кейбір кезде адамдардың сөздері намысыңа тиеді. "Тағы бала сүймейсіңдер ме? Бір баламен ғана шектеліп жүрсіңдер ме?" деген пікірлер айтылды. Бірақ адамдар сенің өміріңде қандай жағдай болып жатқанын білмейді", – дейді актер.
Азамат Сатыбалды жұбайы Назгүл екеуі де көпбалалы отбасында өскенін айтып, өздері де үлкен әулет болуды армандағандарын жасырмады. Алайда тұңғыш ұлдары дүниеге келгеннен кейін жұбайының денсаулығында қиындық туындап, дәрігерлер оған қайтадан бала көтеру мүмкін емес екенін айтқан.
"Біз бармаған жер қалмады, түрлі ем-дом іздедік. Бірақ нәтиже болмады. Дәрігерлер бірден бала көтере алмайды деген диагноз қойды. Ер адам болған соң, әртүрлі ауыр ойлар да келеді екен", – деп бөлісті актер.
Ол сол кезеңде әкесінің айтқан бір ауыз сөзі өмірлік шешіміне үлкен әсер еткенін айтты.
"Әкем бір күні мені шақырып алып: "Егер Назгүлден басқа әйел аламын десең немесе ажырасып, тоқал аламын десең, онда екі дүниеде батамды бермеймін. Маған Назгүлден артық келін керек емес" деді. Сондай-ақ: "Алла кейде он балаға татитын бір бала береді. Қолыңдағы балаңа шүкір ет" деп айтты", – деп еске алады актер.
Актердің айтуынша, дәл сол сөздерден кейін оның өмірге деген көзқарасы өзгеріп, отбасы бұрынғыдан да берік бола түскен.
"Қазір ұлым 21 жаста. Ешқашан өкінген емеспін. Әкемнің сол кездегі даналығына әлі күнге дейін ризамын", – деді Азамат Сатыбалды.
Азамат Сатыбалды (толық аты – Азамат Сатыбалдыұлы Сұрапбаев) 1977 жылы 2 қарашада Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданының Көкдөнен ауылында дүниеге келген. Ол – белгілі театр және кино актері, тележүргізуші. Өнер иесі көпбалалы отбасында өскен, үйдегі тоғыз баланың кенжесі. 1997 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түседі.
2000 жылы дипломдық жұмысын қорғау үшін Қостанай облыстық драма театрына жіберіледі. 2001 жылы оқуын тәмамдап, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына жұмысқа орналасады. Содан бері ол театр сахнасында көптеген рөлдерді сомдап келеді.
Сонымен қатар кино саласында да белсенді еңбек етіп, түрлі фильмдерде көрінді. Оның қатысуымен "Рэкетир 2", "Томирис", "Армандастар" сияқты танымал фильмдер түсірілген. 2020 жылы "Полигон" фильмінде Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін сомдады. 2022 жылы Мұқағали Мақатаев туралы фильмде басты кейіпкерді ойнады.
2022 жылдан бастап Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарып келеді. 2023-2024 жылдары "Қазақфильм" киностудиясының президенті болды. Ол 2014 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағын алды. Сондай-ақ "Серпер" жастар сыйлығының лауреаты және "Парасат" орденінің иегері. Азамат Сатыбалды актриса Назгүл Қарабалинамен отбасылы, бір ұлы бар.