Malim.kz
Қоғам

"Әйелін үш жыл күткен": Түрменің алдында кездескен ерлі-зайыптылар жұртты елжіретті

Қайсар Қанат
Polisia.kz

Абай облысындағы әйелдер колониясында ерекше әсер қалдырған оқиға орын алды. Алаяқтық бабы бойынша бес жылға сотталған 26 жастағы әйел жазасын өтеп, көптен күткен бостандығына қол жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.

Ол түрмеде болған жылдары аспаздың көмекшісі болып еңбек етіп, адалдығы және еңбекқорлығымен көзге түскен. Мекеме әкімшілігі оның тәртіпті мінезі мен жауапкершілігін жоғары бағалап, өмірге деген сенімін жоғалтпағанын атап өтті. Әйел бұл уақыт бойы екі баласымен қайта қауышуды армандаған. Сыртта оны төрт және алты жастағы ұл-қыздары күтіп отырған.

Бостандық күні колония қақпасынан шыққан әйелді Жетісу облысынан арнайы келген жары қарсы алды. Үш жыл бойы сағынысқан ерлі-зайыптылардың кездесу сәті көзге жас ұялатып, айналадағы адамдарды толқытты. Бұл тек отбасының қайта табысуы емес, ананың жаңа өмірге қадам басқан үмітті сәті болды.

Бостандыққа шыққан әйел мекеме ұжымына алғысын айтып, алдағы жоспарларын бөлісті.

"Ең бастысы – отбасым мен балаларымның қасымда болуы. Мен осы күнді армандап өттім. Бұрын макияж шебері болып істейтінмін, енді сүйікті ісіме қайта оралғым келеді. Адамдарға әдемілік пен қуаныш сыйлау – менің өмірлік мақсатым. Түрмеде өткізген жылдар маған өмірдің бағасын ұқтырды. Енді балаларыммен бірге жаңа өмір бастаймын", – деді ол.

№23 мекеме әкімшілігі өкілдерінің айтуынша, әйелдердің қоғамға бейімделуіне көмектесу – олардың басты міндеттерінің бірі.

"Біз сотталғандарға тек жазасын өтеу кезінде ғана емес, бостандыққа шығуға дайындық барысында да қолдау көрсетеміз. Олар еңбек етіп, жаңа мамандықтар меңгереді және өмірге жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік алады. Біздің мақсатымыз – олардың қоғамға қайта сіңісіп, өткен қателіктерін қайталамауы", – деді мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары