Malim.kz
Қоғам

«Айка тізімі»: Алматыда атышулы қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты

• Malim Админ

Алматыда Айка деген атпен танылған блогерге қатысты сот үкімі шықты. Ол аса ірі көлемде есірткі тасымалдау және жеңгетайлықпен айналысу баптарымен сотталды, деп хабарлайды Malim.kz.

Соттың Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, қылмыстық іс Әуезов аудандық сотында қаралған.

Тергеу органы М.-ны аса ірі мөлшерде психотроптық затты заңсыз иемденді, сақтады және тасымалдады, сондай-ақ 52 эпизод бойынша бір топ адамдармен жеңгетайлық жасады деп, Т. -ны бір топ адамдармен 12 эпизод бойынша жеңгетайлыққа көмектесті деп айыптады, - делінген сот хабарламасында.

Сот отырысы жабық режимде өтті. Сот таратқан мәлімет бойынша, 2023 жылдың мамыр айында М. (Айка – ред.) аса ірі мөлшерде мефедронды сату мақсатынсыз заңсыз сатып алып, заңсыз тасымалдаған.

Ұстау кезінде полиция қызметкерлері сотталушының сөмкесінен психотроптық затты тәркілеген. Сондай-ақ М. 2020-2023 жылдары материалдық пайда алу мақсатында пайдакүнемдік мақсатта Т.-мен бірлесіп, қыздарға ақшаға интим қызметін көрсету үшін жеңгетайлық жасаған. Бұл қызмет түрінен М.-ның өзі, кейде сыбайласы Т. арқылы пайданың белгілі бір пайызын алып отырған.

Сотта сотталушылардың кінәсі дәлелденген. М. кінәсін ішінара мойындады, Т. кінәсін мойындаған жоқ.

Прокурор М.-ға жалпы қылмыс жиынтығы бойынша 4 жылға, Т.-ға 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Жаза тағайындау кезінде сот М.-ның жасаған ісіне өкінетінін, қылмысты ашуға белсенді түрде көмектескенін, жас баласының болуын жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. М-ның жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Т.-ның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталмаған", - делінген сот хабарламасында.

Сонымен Айка лақапатымен танылған М.-ға 6 жыл 6 айға, сыбайласына 3 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, 2023 жылғы желтоқсанда интернетте қазақстандық атақты жұлдыздар, бизнесмендер, ірі қаржы құрылымдарының қызметкерлері, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер мен қауіпсіздік қызметкерлерінің аты-жөні жазылған "Айка тізімі" тарады. Көп ұзамай ІІМ "Айка тізіміне" байланысты тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаған.

Бұрын "VIP-сутенер" және Love Aika атымен танылған блогер 2023 жылғы 6 маусымда Ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен ұсталды. Оған Алматыда жезөкшелер үйін ұйымдастырды және заңсыз есірткі сақтады деп айып тағылып, 20 наурызда осы іс бойынша сот басталды.

Фото: интернеттен

Malim Админ
Автордың басқа материалдары