Адам жасы ұлғайғанымен жүрек түкпірінде ол бала болып қала беру мүмкін. Бұл жақсы ма, жаман ба? Психологтардың айтуынша, бала көңіліңе алған дүниесімен құмары қанғанша ойнамаса, үлкейгенде сол кемшілікті толтырғысы кеп тұрады. Айнұр Саламаттың басынан кешкен мына оқиғасында сондай талпыныс байқалады. Бала образынан шығу, бала күнінде жете алмаған жетістікке жету үлкендердің қолынан келе ме?
Ауыл балалары қыста улап-шулап шанасы бары шанасын, конькиі бары конькиін алып дарияға қарай тартатын. 5-сынып оқитын кезім. Темір шанамды алып бір күні мен де дарияға сырғанауға бардым. Бірнеше ересектеу бала коньки теуіп жүр екен. Конькиді шебер тебетіндері сонша мұз үстінде бейне сырғанап емес, ұшып бара жатқандай. “Сыррр” етіп олай бір, былай бір өтеді жанымнан. Қатты қызықтым. Шана жайына қалды. Қалт етпей конькишілердің қимылына қарап қаттым да қалдым. Іштей “оп-оңай сияқты ғой, мен де үйреніп алып, осылай сырғанамасам бәрін қызықтырып” деп ойлап қоям. Сол күні үйге келе салып апама “коньки тауып бер” деп қыңқылдап, мазасын алдым. Ауыл дүкенінде коньки түгілі шана жоқ. Шана әні, ауыл ұстасы темірден жасап берген. Апам маған осыны түсіндіріп әлек, ал мен болсам, түсіну қайда пырсылдап жылауға көштім. Апам мені аяды ма екен коньки сұрап келейін деп үлкен қызының үйіне кетті. Біз апамның үлкен қызын “көке” деуші едік. Көкемнің балалары көп. Бірінде болмаса бірінде боп қалар деген үмітпен апамның келуін тағатсыздана тостым. Апам тез оралды. “Біздің сарайға әкеп тастапты, жүр қарайық” дейді. Сарай дейтініміз ескі тоқал там.
Апам екеуміз екінші сыңарын да алып, үйге апармақ болып сарайға қайта кірдік. Екінші сыңары бөлек жүр екен. Бауынан тартып қаптан алып шықтым да сілейіп тұрып қалдым. Табанының жартысы жоқ. Сынып қалған. Бәтеңкесі орнында. Апам да “қап, мынау енді сырғанауға келер ме екен?! Қой, құлап бір жеріңді майып қыларсың, жартысы жоқ қой табанының. Бұл қалай сынды екен?!” деп менен әрі өкінді. ... Қиял деген жүйрік қой. Ұйықтар кезде көпке дейін көзім ілінбей дөңбекшідім. Біресе мұз боп қатқан дария үстінде екі қолымды құстың қанатындай жайып жіберіп, қалықтай коньки теуіп жүрем. Үстімде үлбіреген жаз көйлек. Суықты сезбеймін. Бүкіл ауыл қызыға қарап тұрады. Ойша сырғанап жүріп, бір кезде аяғымдағы сынық конькиге көзім түседі. Бірақ құсша қалықтауыма еш кедергісі жоқ екен ғой деп еркін қалықтай жөнелем де, сынығын ешкім көрмесін деп жеңіл сырғанаған күйі алысқа ұзай берем, ұзай берем...
Ертеңіне есік алдына құдықтан су әкеліп құйып, мұзды алаңқай жасадым да, аяғыма сынық конькиді сыммен шындап байлап, тебуге әрекет қылдым. Аяғым олай тайып, бұлай тайып, бұл әрекетімнен түк шықпады. Апам жаны қалмай біресе қолтығымнан демеп, біресе аяғымнан ұстап тұрып әбден әлек болды. Бірақ сынық конькиді тасташы демеді. ...Кеше қыздарыммен мұз айдынына бардым. Шеті, шегі көрінбейтін дариямның мұзындай емес, шағын ғана алаңқай. Кішкентай балаларға дейін “сыррр” етіп жанымнан олай бір, былай бір өтіп жатыр. Мен тұсаулы аттай кібіртіктей бердім. ...Әттең, коньки тебу арманым болған сонау бала кезімде сарайдағы қанар қаптан шыққан коньки сынық болмағанда ғой... Мен де қазір жастармен бірге мұз айдынында қалықтай сырғанап жүрер ме едім...
Айнұр Саламат