Malim.kz
Қоғам

"Әкем мен шешемнің дүниеден озғанына шүкір": Әнші Саят Медеуов өміріндегі қиын сәтті ашып айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден

Әнші Саят Медеуов "Qazaq Airan" арнасына берген сұхбатында ата-анасының өмірден өтуі туралы алғаш рет ашық әңгімелеп, сол кезеңдегі ауыр сезімдерін бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесі пандемия жылдарындағы қиын сәттерді еске алып, ата-анасының жаназасына неге көпшілік жиналмағаны жөніндегі сауалға да жауап берген. Оның айтуынша, сол кезде ойын ашық айтуға қорыққан.

"Айтайын десем, қорқам. Ертең сөзім бұрмаланып кетпей ме деп уайымдаймын. Бір емес, үш рет "әкем мен шешемнің дүниеден озғанына шүкір" дедім. Дұрыс па, бұрыс па деп өзім де ойландым", – деді әнші.

Саят Медеуов 2021 жылы өзі де коронавирус жұқтырып, ауыр хәлде болғанын жеткізді. Ауруханада жатқанда ата-анасының оның азап шеккенін көрмегеніне тәуба еткенін айтты.

"Әкем мен шешем менің осылай қиналғанымды көрмеді ғой деп ойладым. Менің өліп кеткенімді көрмейді екен деп тәуба дедім", – дейді ол.

Сондай-ақ 2022 жылы жол апатына түскен сәтінде де дәл осындай ой мазалағанын жасырмады. Әнші ковид індетін әлемдік саясатпен байланыстырып, сол кезеңде өмірден өткен жандарды "саясаттың құрбандары" деп атады.

"Сол уақытта кеткендердің бәрі – саясаттың құрбандары. Әкем мен шешем жұмақтық шығар", – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, Саят Қабылұлы Медеуов 1973 жылы 7 қарашада Жамбыл облысы Қордай ауданында дүниеге келген. 1998 жылдан бері шығармашылықпен айналысып келеді. Эстрада және дәстүрлі ән жанрында танылған өнер иесі – "Көк шолақ", "Алтыным", "Әке", "Ауылым" секілді көптеген әндердің орындаушысы. 2015 жылы "Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері" атағын алған. Отбасылы, төрт қыз тәрбиелеп отыр.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары