Джеки Чан – жекпе-жек өнері туралы фильмдер арқылы әлемге танылған актер. Ол жетістікке оңай жолмен жеткен жоқ. Балалық шағы ауыр өтті, бірақ қиындыққа мойымай, өз қабілетін шыңдай білді. Соның арқасында бүкіл әлемге әйгілі тұлғаға айналды, деп хабарлайды Malim.kz.
Джеки Чан қашан және қайда дүниеге келді?
Джеки Чан 1954 жылдың 7 сәуірінде Гонконгта дүниеге келген. Туған кезде оған Чан Кон Сан деген есім берілген. Ұлының дүниеге келуі ата-анасы үшін қуаныш болғанымен, отбасы сол кезеңде үлкен қиындықтарды бастан кешіріп жүрген.
Бұрын БАҚ-та оның анасы баласын 12 ай көтергені туралы деректер тараған. Дәрігерлердің айтуынша, жүктілік 44 аптаға дейін ғана қауіпсіз саналады. 2010 жылы Джеки Чан британдық тележүргізуші Джонатан Россқа берген сұхбатында бұл жағдайды өзі растаған. Анасына кесар тілігі қажет болған, алайда отбасының оған қаражаты болмаған. Әкесі ақша іздеп жүргенде, анасы баланы тағы үш ай көтеруге мәжбүр болыпты.
Джеки Чан дүниеге келгенде салмағы 5 келі болған. Соған қарамастан, ол толықтай сау болып туған.
Ата-анасы
Джеки Чанның әкесі Чарльз Чан Қытайдағы азаматтық соғыс кезінде Гоминьдан партиясының құпия барлаушысы болған. Коммунистер жеңіске жеткен соң, ол "халық жауы" деп танылған. Анасы Лили Чан да бай болмаған, түрлі ауыр жұмыстармен күн көрген.
Соғыстан кейін отбасы Гонконгқа қоныс аударған. Әкесі атын өзгертіп, Франция елшілігінде аспаз болып жұмыс істеген, ал анасы үй қызметшісі болған. Олар кедей тұрса да, бала тәрбиелеуге бел буған.
Джеккидің тәрбиесімен негізінен анасы айналысқан. Ол баласын аса ширақ болғаны үшін "Пао-Пао" ("зеңбірек оғы") деп атапты. Әкесі болса ұлын кішкентайынан кунг-фуға баулыған. Күн сайын таңертең жаттығу жасатқан. Қатал тәрбие баланың төзімді, шыдамды болып өсуіне әсер етті.
Білімі
Джеки 5 жасында бастауыш мектепке барғанымен, бір жылдан кейін оқу үлгерімі нашар болғандықтан мектептен шығарылған. 1960 жылы ата-анасы саяси себептермен Австралияға көшіп кетеді. Әкесі АҚШ елшілігінде бас аспаз болып жұмысқа орналасады.
Джекки Пекин операсы мектебіне жіберіледі. Онда ол актерлік өнер, акробатика, сахналық қозғалыс негіздерін меңгерді. Алайда бұл мектепте жазу мен оқуға үйретілмеген, сондықтан 17 жасында ол толық сауатты болмаған.
1970 жылдары қытай операсы дағдарысқа ұшыраған соң, Джеки Канберраға барып, Dickson College оқу орнына түседі.
Балалық және жастық шағы
Мектеп тәрбиеленушілерін ерте жастан кино түсірілімдеріне қатыстыруға тырысқан. 8 жасында Джеки алғаш рет жаппай көріністерге қатыса бастайды, ал 9 жасында Пекин операсындағы басты рөлдердің бірін ойнады. 10 жыл ішінде ол 7 фильмге түсіп үлгерген.
Жасөспірім кезінде "Ашу жұдырығы" мен "Айдаһардың шығуы" фильмдерінде қосалқы рөлдерде ойнады. Бұл картиналарда Брюс Ли басты рөлде болған. Джеки оған еліктегенімен, кейін өзіндік стиль қалыптастыру қажет екенін түсінген.
Австралияда ол құрылыс алаңында жұмыс істеп, каскадер ретінде фильмдерге түсті. Сол кезде оған "Джеки" деген лақап ат берілді. Оның харизмасы режиссерлердің назарын аударып, шағын рөлдер ұсыныла бастады.
Алғашқы рөлдері
Алғаш рет 1962 жылы "Үлкен және кіші Вонг Тин Бар" фильмінде эпизодтық рөлде көрінді. Ал басты рөлді 1971 жылы "Квантунгтің кішкентай жолбарысы" фильмінде сомдады. Бұл фильм 1973 жылы жарық көрді. Алғашында танымалдық бірден келмесе де, табандылығы оны жұлдызға айналдырды.