Malim.kz
Қоғам

Актер Балтабай Сейітмамытұлы өмірден өтті

Арман Қайыпхан
Фото: gov.kz

Актер, режиссер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері Балтабай Сейітмамытұлы өмірден өтті, деп хабарлайды Malim.kz.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Балтабай Сейітмамытұлының өмірден озуына байланысты отбасы мен жақын туыстарына, туған халқына қайғыра көңіл айтты.

Балтабай Сейітмамытұлы – саналы ғұмырын қазақ сахна өнеріне арнаған тұлға. Ол Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер академиялық театры мен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының алтын қорына айналған бейнелер галереясын қалыптастырып, классикалық және заманауи драматургияны терең философиялық оймен, биік актерлік мәдениетпен сомдай білді.

"Ұлттық мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосқан Балтабай Сейітмамытұлының жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы мен ғибратты ғұмыр жолы халқымыздың жадында мәңгі сақталады деп сенеміз. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат, топырағы торқа болсын!", - делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Гүлзира Бөкейхан өмірден озған еді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары