Malim.kz
Қоғам

Алаяқтар жаңа әдіске көшті. Салық органдары қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады

Айбын Атабай
Gov.kz

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады. 

Қазақстанда белгісіз тұлғалар өздерін МКК қызметкері ретінде таныстырып, салық төлеушілерді жаңылыстырған алаяқтық деректері тіркелді. Олар қызмет түрін шұғыл растау, тіркеу деректерін жаңарту немесе мобильді қосымшалар арқылы "міндетті верификациядан" өту қажеттігін алға тартады.

Қаскөйлер азаматтарды бөгде қосымшаларды орнатуға, сілтемелерді ашуға және авторизациядан өтуге көндіреді. Кей жағдайларда олар SMS-кодтарды, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) деректерін, парольдерді және банктік деректемелерді енгізуді сұрайды. 

"Мысалы, алаяқтар қызметті тоқтатамыз деп қорқытып, "әр екі жыл сайын қызметті растау" үшін e-Salyq мобильді қосымшасын немесе басқа да қосымшаларды жүктеп алу қажеттігін хабарлауы мүмкін", - деп мәлімдеді МКК.

Ведомство бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын және алаяқтық схема екенін атап өтті.

"МКК мұндай қоңыраулар шалмайды, телефон арқылы мобильді қосымшаларды орнатуды, растау кодтарын, банк карталарының деректемелерін, ЭЦҚ кілттерін, парольдерді беруді немесе бөгде сілтемелер бойынша өтуді талап етпейді", - делінген хабарламада.

Қазақстандықтарды ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге және жеке деректерді белгісіз тұлғаларға хабарламауға шақырады.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары