Жаңа 2026–2027 оқу жылы қарсаңында әлеуметтік желілерде мектептердегі бағалау жүйесі түбегейлі өзгереді, бөлімдік және тоқсандық жиынтық бағалау (БЖБ, ТЖБ) алынып тасталады деген ақпарат кең тарады. Алайда Оқу-ағарту министрлігі мұндай өзгерістің әзірге қабылданбағанын мәлімдеді.
Мәлім.kz хабарлауынша, жаңа оқу жылында білім беру жүйесінде бірқатар жаңашылдық кезең-кезеңімен енгізіледі. Атап айтқанда:
- жаңартылған мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты (МЖМБС) енгізіле бастайды;
- оқу бағдарламаларында жүктеме оңтайландырылып, кейбір оқу мақсаттары қайта қаралады;
5-7-сыныптарда «Конституция негіздері», 8-11-сыныптарда «Заң және тәртіп», 5-11-сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» курстары оқытылады;
барлық сыныптарда жас ерекшелігіне сай жасанды интеллект негіздерімен таныстыру басталады;
функционалдық сауаттылық пен құндылыққа негізделген оқытуға басымдық беріледі.
БЖБ мен ТЖБ-ға қатысты
Министрліктің дерегіне сай, БЖБ мен ТЖБ әзірге жойылмайды. Бұл бағалау түрлері қолданыстағы критериалды бағалау жүйесінің құрамдас бөлігі болып қала береді.
Сонымен бірге бағалау жүйесін жетілдіру мақсатында жан-жақты талдау жүргізіліп жатыр. Сараптаманың нәтижесіне қарай БЖБ мен ТЖБ өткізу жиілігі, мұғалімдер мен оқушыларға түсетін жүктеме сияқты мәселелер қайта қаралуы мүмкін. Алайда бұл бағыттағы нақты шешімдер әзірге жарияланған жоқ.
Қазіргі бағалау тәртібі өзгерді ме?
Қазіргі қолданыстағы қағидаларға сәйкес:
тоқсандық баға қалыптастырушы бағалау, БЖБ және ТЖБ нәтижелерінің негізінде қойылады;
БЖБ мен ТЖБ бір күнде бір пән бойынша өткізілмейді;
бір күнде үштен артық ТЖБ өткізуге болмайды;
жиынтық бағалау нәтижелері электронды журналға енгізіледі.