Malim.kz
Қоғам

"Әлі толық айтылмаған тарих бар": Мұстафа Өзтүріктің қызы әкесіне қатысты құпия шындықты ашты

• Мадияр Қапанбек
Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Аты аңызға айналған таэквондо шебері Мұстафа Өзтүріктің қызы Неслихан Өзтүрік әкесі туралы кітап жазып жатқанын хабарлады. Жаңа туындыда бұрын көпшілікке ұсынылмаған фотосуреттер, жеке естеліктер мен ұзақ жылдар бойы жауапсыз қалған сұрақтарға қатысты деректер қамтылмақ, деп хабарлайды Malim.kz.

Неслихан Өзтүрік бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның сөзінше, әкесі өмірден өткеннен кейін арада 30 жылдан астам уақыт өтіп, өзі Мұстафа Өзтүріктің өміріне қатысты жауаптарды іздей бастаған.

"Әкем Мұстафа Өзтүріктің дүниеден өткеніне 30 жылдан астам уақыт өткен соң, мен жауап іздей бастадым. Әкем 40 жасында көзін мәңгілікке жұмды. Ал менің көзім 40 жасымда ғана ашыла бастады", – деп жазды ол.

Неслихан болашақ кітапта Мұстафа Өзтүріктің өмір жолын тек белгілі спортшының өмірбаяны ретінде емес, қызының көзімен баяндауды көздеп отыр. Оның айтуынша, оқырманға отбасы ішінде сақталған естеліктер мен осы уақытқа дейін жарияланбаған мәліметтер ұсынылады.

Кітап жобасы алғаш рет Франкфурт халықаралық кітап көрмесінде Қазақстанның ұлттық стендінде таныстырылған. Неслихан Өзтүрік мұндай мүмкіндік жасағаны үшін Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігіне алғыс білдірді.

Ол сондай-ақ әкесінің Қазақстан атынан жарысқа шыққан кезіндегі сезімін еске алды. Мұстафа Өзтүрік сұхбаттарының бірінде Қазақстанның туы астында өнер көрсету ерекше толқыныс сыйлағанын айтып, "адамдар да жылайды" деген екен.

"Енді мен де Қазақстанның туы астында өз кітабымды таныстырған сәтте әкемнің сол кезде қандай сезімде болғанын аз да болса түсінгендей болдым", – деді Неслихан.

Оның айтуынша, Мұстафа Өзтүрік туралы осы уақытқа дейін аз жазылған жоқ. Дегенмен қызы әкесінің өміріндегі көпшілік біле бермейтін тұстарды ашып, оның тұлғасын отбасы мүшесінің көзқарасы арқылы көрсеткісі келеді.

"Мүмкін, осылайша әкемнің өмірінен де әлдеқайда тереңге бастайтын жаңа бір тарих басталатын шығар", – деп түйіндеді ол.

Еске сала кетейік, Несихан Өзтүрік әлеуметтік желідегі парақшасында әкесінің бұрын көпшілікке беймәлім болып келген фотосын жариялаған еді.

Мұстафа Өзтүрік кім?

Мұстафа Өзтүрік – қазақ спортының тарихында ерекше орны бар таеквондо шебері, жаттықтырушы және Қазақстанда осы спорт түрінің дамуына үлкен үлес қосқан тұлға. Оның шын есімі – Мұстафа Кәбенұлы Әбдірахман. Ол 1954 жылы Түркияның Кайсери қаласында дүниеге келген.

Жастық шағында Ыстанбұлда білім алған Мұстафа Өзтүрік кейін Тайваньдағы жоғары оқу орнында халықаралық журналистика мамандығын меңгерген. Дәл осы кезеңде ол таеквондомен кәсіби түрде айналысып, жекпе-жек өнеріндегі шеберлігін шыңдай бастайды.

Уақыт өте келе Мұстафа Өзтүрік халықаралық деңгейде танылып, таеквондодан алты мәрте әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ қара белбеудің 6-дан дәрежесіне дейін жеткен. Ол тек спортшы ретінде емес, жаттықтырушы ретінде де еңбек етіп, Түркия мен Германияда таеквондо мектептерін ашып, көптеген шәкірт тәрбиеледі.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Мұстафа Өзтүрік тарихи Отанына келіп, елімізде таеквондоны дамытуға белсене кірісті. Алматыда таеквондо мектебін ашып, Қазақстандағы осы спорт түрінің ұйымдасқан түрде қалыптасуына атсалысты.

Ол спортты тек жарыс пен жеңістің құралы ретінде емес, жастарды тәртіпке, табандылыққа және отансүйгіштікке тәрбиелейтін бағыт деп қабылдаған. Бірнеше тіл меңгерген Мұстафа Өзтүрік жан-жақты білімімен де ерекшеленген.

Мұстафа Өзтүрік 1995 жылы Алматыда 40 жасында өмірден өтті. Кейін оның денесі Ыстанбұлға жерленді.

Бүгінде Мұстафа Өзтүріктің есімі Қазақстан спорт тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі ретінде аталады. Оның құрметіне Алматыда көше беріліп, ескерткіш орнатылған. Ал таеквондо саласындағы еңбегі мен өмір жолы кейінгі буын спортшыларына үлгі болып келеді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары