Malim.kz
Қоғам

"Әлия мен Мәншүк деген қыздарым бар": Әнші Роза Рымбаева ел естімеген отбасылық құпиясын ашты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
instagram.com/aliokapov. Суретте: Роза Рымбаева отбасымен

Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, Халық әртісі Роза Рымбаева өнерімен ғана емес, адамгершілік қасиетімен де көпке үлгі, деп хабарлайды Malim.kz.

Өмірлік жары, белгілі музыкант Тасқын Оқапов өмірден өткеннен кейін әнші тағдырдың ауыр сынағына тап болды. Соған қарамастан, ол қиындыққа мойымай, өз балаларымен бірге марқұм жолдасының туыстарынан қалған Әлия мен Мәншүк есімді екі қызды қамқорлығына алған. Бұл туралы ол "Көреміз" бағдарламасында айтты.

Жұбайы қайтыс болғаннан кейін екі жылдан соң қыздардың ата-анасы да көз жұмып, олар жетім қалады. Осы сәтте Роза Қуанышқызы еш кідірместен жауапты шешім қабылдайды.

"Сол кезде бірден ойланбастан, бұл екі қыз менімен бірге тұрады, өз қамқорлығыма аламын деп шештім. Өз ұлдарыма қандай жағдай жасасам, қыздарға да сондай жағдай жасаймын деп, бәрімізді бір отбасы ретінде біріктірдім", – дейді әнші.

Роза Рымбаева қыздардың өзіне деген құрметіне ризашылық білдіріп, бұл қадамына еш өкінбейтінін жеткізді.

"Мен өзімді бақытты сезінемін. Қыздар мені анасының орнындай көреді. Әруақтар да риза шығар деп ойлаймын", – деп ағынан жарылды халық әртісі.

Деректерге сәйкес, Тасқын Оқапов қазақ музыка өнерінде өзіндік орны бар талантты музыкант болған. Ол 1999 жылы, кенже ұлы дүниеге келерден аз уақыт бұрын өмірден өткен.

Роза Рымбаева мен Тасқын Оқаповтың Әли және Мәди атты екі ұлы бар. Үлкені Әли Оқапов бүгінде танымал әнші, биші әрі продюсер ретінде көпшілікке белгілі. Ал кіші ұлы Мәди Рымбаев та музыка саласында өз жолын қалыптастырып келеді.

2023 жылы Роза Рымбаева әже атанып, әулетіне үлкен қуаныш келді. Әли Оқапов пен жұбайы Ақерке Бүркітбайдың отбасында Зейін есімді сәби дүниеге келген.

Айта кету керек, Роза Рымбаева – қазақ эстрадасының ең жарқын тұлғаларының бірі. Ол 1957 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Әншінің шығармашылық жолы 1975 жылдан бастау алады. Алғашында "Гүлдер" ансамблінің солисі ретінде танылып, кейін "Арай" ансамблінде өнер көрсетті.

1977 жылы Болгарияда өткен "Алтын Орфей" халықаралық байқауында Гран-при иеленуі – оның өнер жолындағы ең ірі жетістіктерінің бірі саналады.

Роза Рымбаеваның орындауындағы "Әлия", "Атамекен", "Айгөлек", "Куә бол", "Гүлдене бер, туған жер" сынды әндер қазақ эстрадасының алтын қорына енген.

Көпжылдық еңбегі үшін әнші "Парасат", "Құрмет", "Халықтар достығы" ордендерімен және Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығымен марапатталған. Халық арасында ол "Қазақ примадоннасы", "Қазақстанның алтын дауысы", "Орта Азия бұлбұлы" деген атаулармен кеңінен танымал.

Еске сала кетейік, Роза Рымбаева көп жыл бірге ғұмыр кешкен өмірлік серігі, талантты музыкант Тасқын Оқаповты сағынышпен еске алған еді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары