Алматылықтар дәстүр бойынша Қала күнін қыркүйектің үшінші жексенбісінде атап өтеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Қала аумағында концерттер, көрмелер, флешмобтар, фестивальдер және түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мерекелік бағдарламалар Астана алаңындағы концертпен басталды. Онда қала әкімі Дархан Сатыбалды алматылықтарды және мегаполис қонақтарын мерекемен құттықтады.
«Баршаңызды шын жүректен Қала күнімен құттықтаймын! Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі, еліміздің жаңа дәуірі басталған шаһар. Алматының басты құндылығы – оның тұрғындары. Сіздердің еңбектеріңіз, бастамашылдықтарыңыз бен белсенділіктеріңіз қаламызды жарқын әрі қарқынды дамып келе жатқан мегаполиске айналдыруда. Біз Алматыны заманауи, жайлы әрі өркендеген қала ету үшін бар күш-жігерімізді жұмсап келеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бізге бірқатар маңызды міндет жүктеді. Солардың ішінде экологияға, қауіпсіздікке және қалалық ортаның сапасына айрықша мән берілуде», – деді Алматы әкімі.
Дархан Сатыбалды атап өткендей, бұл міндеттерді орындау үшін қалада бес негізгі даму бағыты айқындалған. Олар – көлікті жаңғырту, экологияны жақсарту, бизнесті қолдау, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту және тұрғындармен ашық диалогты нығайту. «Осы басымдықтарды жүйелі жүзеге асыру Алматыны шынымен жасыл, қауіпсіз әрі өмір сүруге қолайлы мегаполиске айналдырады», – деп атап өтті қала әкімі.
Фото: Алматы әкімдігі