Алматы қаласы әкімдігінің жұмыс тобы қаладағы маңызды мәдени нысандарды аралап, қайта құру жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды Malim.kz.
Атап айтқанда, халық жиі барып, тағзым ететін, ғұрыптық рәсімдер өтетін Райымбек батырдың кесенесі мен мемориалдық кешенін көріп шықты. Іргелес аумақта Райымбек батыр музейін, әкімшілік ғимарат салу мен бүкіл аумақты абаттандыру жоспарланған.
Мердігерлердің айтуынша, жеке үйлер тұрғындарымен келісу кезінде белгілі бір қиындықтар туындаған, алайда барлық мәселе шешіліп, жұмыс қарқынды жүріп жатыр.
«Жаңа музейде келушілерге әдет-ғұрып рәсімдеріне қатысу үшін барынша қолайлы жағдай жасалады», – деді олар.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков барлық жұмыстың белгіленген мерзімде аяқталуы қажеттігін айтты.
Сонымен қатар, жұмыс тобы «Алатау» дәстүрлі өнер театры ғимаратының қайта жаңғырту жұмысымен танысты.
«Жұмыс кестесі толық сақталады», – дейді мердігер ұйым өкілдері.
Театрдың жөндеу жұмыстары биыл жыл соңына дейін аяқталмақ.
Сондай-ақ, жұмыс сапары аясында делегация қаладағы Орталық стадионға да барды. Мұнда 30 қыркүйекте «Қайрат» пен «Реал» футбол командаларыың матчы өтеді.
Әкімнің орынбасары стадионның халықаралық талаптарға сай жаңаруға тиіс екенін атады.
Фото: Алматы әкімдігі