Malim.kz
Қоғам

Алматы облысында пара ретінде екі iPhone алған салықшылар сотталды

Арман Қайыпхан
Фото: pixabay

Алматы облысында Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлеріне қатысты пара алу ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Malim.kz.

Іс материалдарына сәйкес, Іле ауданындағы кәсіпкерге жүргізілген тексеру барысында оның табысын төмендетіп көрсеткені анықталған.

Осыдан кейін шенеуніктер кәсіпкерден санкция қолданбау үшін 5 миллион теңге талап еткен. Әңгіме банк шоттарын бұғаттамау және салықтық хабарламаны кері қайтарып алу туралы болған.

Кейін тараптар ақшаның орнына жалпы құны 1,5 миллион теңге болатын екі iPhone 17 Pro смартфонын беруге келіскен.

Смартфондарды алғаннан кейін мемлекеттік қызметкерлер ешқандай заңды негізсіз салықтық хабарламаның орындалғанын таныған.

Сот айыпталушылардың әрқайсысына 119,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салып, оларды өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырды. Ал пара ретінде берілген телефондар мемлекет кірісіне тәркіленді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары