Malim.kz
Оқиға

Алматы облысында тауда жоғалған отбасы табылды

Арман Қайыпхан
Фото: ТЖМ

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында тауда жоғалған төрт адамнан тұратын отбасын іздеу-құтқару операциясы аяқталды, деп хабарлайды Malim.kz.

Екі ересек пен екі бала Шонжы ауылы маңындағы демалыс аймағынан көлікпен Алматыға қарай шыққан, алайда жолда байланысқа шықпай қалған.

Түні бойы Алматы облысының құтқарушылары мен «Барыс» жасағы үйіне оралмаған отбасын іздеді. Жағдайды отбасы басшысының ұялы телефонының сөндірулі болуы және таудағы қардың қалыңдығы қиындатқан.

Құтқарушылар телефон биллингін тексеріп, Бартоғай су қоймасы маңын шолып, 24 наурыз күні таңғы сағат бестер шамасында Ассы үстірті ауданынан жоғалғандарды тапты. Олардың жол талғамайтын көлігі қарға батып, қозғала алмай қалған.

Ересектерге де, балаларға да медициналық көмек қажет емес екені анықталған соң, құтқарушылар көлікті қардан шығарылып, тазартылған жолға дейін сүйреп жеткізді.

ТЖМ таулы аймаққа сапарды жоспарлаған кезде ауа райы мен жол жағдайын міндетті түрде ескеруге шақырады. Қауіпсіздігіне көз жеткізбей жолға шықпау керек.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары