Алматыда құтқарушылар Сәтбаев шыңында қалып қойған екі жасөспірімді қауіпсіз жерге түсірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, оқиға 20 маусым күні кешкі уақытта болған. Биіктігі 4 мың метрден асатын Сәтбаев шыңында 2008 жылы туған екі жасөспірім өрмелеу кезінде төменге өз бетімен түсе алмай қалғаны туралы ақпарат түскен.
Құтқарушылар жасөспірімдермен тұрақты байланыс орнатып, олардың нақты орналасқан жерін анықтады.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Алматы қалалық ТЖД Құтқару қызметі мен «БАУ» жедел-құтқару жасағының мамандары жұмылдырылды. Таулы аймақтың күрделі рельефі мен қараңғы уақытқа қарамастан, құтқару операциясы сәтті өтті.
21 маусым күні құтқарушылар жасөспірімдерді аман-есен экобекетке жеткізіп, ата-аналарына тапсырды. Оларға медициналық көмек қажет болмаған.