Malim.kz
Қоғам

Алматы тауларында жоғалған 5 жасөспірім табылды

Арман Қайыпхан
Фото: ТЖМ

Алматы тауларында адасып кеткен бес жасөспірім дер кезінде табылып, аман-есен құтқарылды, деп хабарлайды Malim.kz.

«112» пультіне олардың жоғалғаны туралы хабар түскен. Белгілі болғандай, 2009 жылы туған жасөспірімдер Күмбел шыңына көтеріліп, кейін «Үш ағайынды» маңына (шамамен 3000 метр биіктікке) түскен. Алайда кері қайтар жолда олармен байланыс үзілген.

Жағдайды күрделендірген жайт – топтағы жасөспірімдердің бірінің демікпе дерті болған. Осыған алаңдаған әкесі дереу құтқарушылардан көмек сұраған.

Іздестіру жұмыстарына Алматы қаласы ТЖД құтқарушылары, «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағы және Апаттар медицинасы орталығының мамандары жұмылдырылды. Бір сағат ішінде құтқарушылар жасөспірімдерді тауып, олармен көзбен байланыс орнатты.

Жасөспірімдердің бірінде бронхиалдық демікпе ұстамасы байқалып, ол арнайы техникамен эвакуацияланып, дәрігерлерге тапсырылды. Қалған төртеуі құтқарушылардың сүйемелдеуімен Көкжайлау шатқалына дейін жаяу түсірілді.

Дәрігерлер зардап шегушіге шұғыл медициналық көмек көрсетіп, жағдайын тұрақтандырғаннан кейін үйіне жеткізді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары