20 мамыр күні ер адам Алматы тауларындағы Шымбұлақ бағытына жорыққа шығып, екі күннен кейін туыстарымен байланысқа шығатынын айтқан. Алайда белгіленген уақытта хабарласпағандықтан, жақындары құтқарушылардан көмек сұрады, деп хабарлайды Malim.kz.
ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, туристің телефоны байланыс аймағынан тыс болған көрінеді.
«Іздеу жұмыстарына ҚР ТЖМ “Барыс” республикалық жедел-құтқару жасағы мен Алматы қаласы ТЖД құтқару қызметінің мамандары жедел аттанды. Құтқарушылар 3200 метр биіктікке көтеріліп, Шымбұлақ шыңы бағытымен жаяу іздеу жұмыстарын жүргізді», - деп жазылған хабарламада.
Жоғалып кеткен ер адам маршрутты тексеру барысында табылды. Оған медициналық көмек қажет болмаған. Құтқарушылар туристі қауіпсіз түрде биік таулы “Медеу” мұз айдынына дейін түсіріп, туыстарына табыстады.
ТЖМ өкілдері қазақстандықтарға тауға шығар алдында өз бағыты мен жорық кестесін жақындарына алдын ала хабарлап отыру қажеттігін еске салып отыр.