Алматы әкімдігі "Ашық НҚА" порталында қалалық мәслихаттың тұрғылықты жер бойынша тіркеудің жаңа нормативін бекіту туралы шешімін талқыға шығарды, деп хабарлайды Malim.kz.
Жоба "Алматы қаласының аумағында тұрғылықты жері және уақытша тұратын жері бойынша тіркеу нормативін бекіту туралы" деп аталады. Қала тұрғындары жобаны 26 тамызға дейін талқылай алады.
Жоба халықты есепке алу жүйесін жетілдіруге бағытталған. Сондай-ақ ол көші-қон процестерін тиісті бақылауды қамтамасыз етуге және мемлекеттік қызметтерді жоспарлау мен көрсету тиімділігін арттыруды көздейді.
"Жобаның мақсаты – тіркеу процестерін ретке келтіру, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жүктемені жоспарлауды жақсарту. Сонымен қатар тұрақты және уақытша тұратын азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету тиімділігін арттыру", - деп хабарлады әкімдік өкілдері.
Krisha.kz мәліметінше, бұл жоба арқылы Алматыда пәтерге немесе үйге тіркелетін адамдардың санын шектеу көзделіп отыр.
"Норматив тұрақты және уақытша тіркеуге қатысты болады деп жоспарлануда. Тіркелген әр адамға кемінде 15 шаршы метр ауданнан келуге тиіс.
Мысалы ауданы 60 шаршы метр болатын пәтерге тек төрт адамды ғана тіркеуге болады. Бұл шектеу үй немесе пәтер иесінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына қатысты емес. Мұндай қағида Астанада қазір қолданыста", - делінген хабарламада.