Алматының Әуезов ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында Алтын Бесік шағынауданындағы Трудовая көшесінде қоғамдық кеңістікті көркейту жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Malim.kz.
Бүгінде аумағы 1 гектар болатын заманауи кеңістікте тұрғындардың белсенді демалысына барлық жағдай жасалған. Мұнда үлкен және шағын футбол алаңдары, баскетбол алаңы, воркаут аймағы, заманауи балалар ойын кешені, серуендеуге арналған жолдар, жаңа орындықтар мен жарықтандыру жүйесі пайда болды.
Көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді: 30 ағаш пен 300 бұта егіліп, автоматты суару жүйесі орнатылды. Соның арқасында қоғамдық кеңістік одан әрі жайлы әрі жасыл аймаққа айналады. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камералары мен заманауи сыртқы жарықтандыру жүйесі орнатылды.
Бүгінде қоғамдық кеңістік шағынаудан тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналды. Балалар ойын алаңдарында уақыт өткізсе, жастар футбол және баскетбол ойнап, спортпен шұғылданады. Ал ересектер демалып, отбасымен бірге серуендейді.
Биыл Әуезов ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 29 жоба жүзеге асырылуда. Осының арқасында аулалар мен қоғамдық кеңістіктер тұрғындар үшін заманауи, қауіпсіз әрі жайлы бола түсті.