Алматыда әлеуметтік желілерде қорлайтын пікірлер жазған екі шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Медеу аудандық полиция басқармасында аталған факті бойынша әкімшілік іс қозғалған.
Тексеру барысында аталған тұлғалардың әлеуметтік желіде әдепсіз, балағат сөздер қолданып, қоғамдық тәртіп нормалары мен Қазақстан Республикасының қолданыстағы заң талаптарын бұзғаны анықталған. Іс материалдары Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданған.
Сот шешімімен құқық бұзушылардың әрқайсысына 15 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
Қазақ қыздарына бағытталған қорлайтын жарияланым Threads әлеуметтік желісінде жарияланған.
Полиция департаменті интернет кеңістігі жауапкершіліктен тыс аймақ емес екенін атап өтті.
Әлеуметтік желілердегі пікірлер мен мінез-құлық та қоғамдық орындардағы әрекеттер сияқты құқықтық бағалауға жатады.
Құқық қорғау органдары азаматтығына және қарым-қатынас форматына қарамастан, заң талаптарын сақтауға және өзара құрмет көрсетуге шақырды.