Алматыда қоғамдық көліктердің экологиялық талаптарға сәйкестігін тексеру барысында газбен жүретін автобустардың дизельді автобустарға қарағанда әлдеқайда жиі зиянды шығарынды нормасын бұзатыны анықталды. Бұл туралы "Время" басылымына сілтеме жасаған Malim.kz хабарлайды.
Алматыда газбен жүретін автобустар дизель отынын пайдаланатын қоғамдық көліктерге қарағанда ауаны көбірек ластайтыны белгілі болды.
"Eco Almaty" ЖШС мамандары (атмосфералық ауаның сапасын жақсарту мақсатында құрылған, мемлекетке толық тиесілі компания) 2026 жылдың 3 қаңтары мен 30 маусымы аралығында 1400-ден астам автобусты экологиялық талаптарға сәйкестігіне тексерді.
Тексеруден соң дизель қозғалтқышымен жүретін 150 автобустан және газбен жүретін 446 автобустан рұқсат етілген уытты шығарындылар нормасының асып кеткені анықталды.
Мұндай тексерулер атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын іске асыру аясында тұрақты түрде өткізіліп, қоғамдық көліктерден бөлінетін зиянды заттарды азайтуға бағытталған. Алайда мониторинг қорытындысы күтпеген нәтижені көрсетті.
Қоғам белсендісі Вячеслав Павленко жарияланған мәліметтерді саралап, экологиялық талаптарды бұзған газбен жүретін автобустар саны дизельді автобустарға қарағанда шамамен үш есе көп екенін атап өтті.
"Газбен жүретін автобустар экологияны жақсарту үшін сатып алынды делінеді. Бірақ тексеру қорытындысы керісінше жағдайды көрсетіп отыр. Онда автобустарды газға көшірудің мәні неде болды?" – дейді ол.