Malim.kz
Қоғам

Алматыда курьер 3 млн теңгеге жуық техниканы тапсырыс берушіге жеткізбеген

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz

Алматыда техника сатумен айналысатын кәсіпкерлер Yandex курьері құны шамамен 3 млн теңге болатын тапсырысты иесіне жеткізбей, алып кеткенін мәлімдеді. Оқиға туралы видеоны блогер zaagaru жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

Сатушылардың айтуынша, 28 қыркүйекте олар сатып алушыға екі iPhone 17 Pro Max – 1 ТБ және 512 ГБ нұсқаларын, сондай-ақ Apple Watch пен AirPods Pro жіберген. Тапсырысты мопедпен келген курьер алып кеткен.

Біраз уақыттан кейін қосымшада тапсырыстың «жеткізілді» деген мәртебесі пайда болған. Алайда сатушылардың сөзінше, сатып алушыға тауар жетпеген. Ал курьердің телефоны өшірулі болған.

Сол күні кешке кәсіпкерлер полицияға арыз жазып, Yandex қолдау қызметінен курьер туралы мәлімет сұраған. Алайда компания қызметкердің жеке деректерін бере алмаған.

Кейін сатушылар смартфондардың IMEI нөмірлерін тексеріп, құрылғылардың іске қосылғанын анықтаған. Осыған байланысты олар техниканың басқа адамдарға сатылып кеткен болуы мүмкін деп топшылайды. Сондай-ақ курьердің елден кетіп қалуы мүмкін деген болжам айтылған. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Yandex өкілдері HALYQSTAN тілшісіне жағдайдың тексеріліп жатқанын және келтірілген шығынды өтеу мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлаған. Компания залалды толық өтеуді көздеп отыр.

Компания курьердің жеке мәліметтері сатушыларға неліктен берілмегенін де түсіндірді. Мұндай деректерді үшінші тұлғаларға беру жеке деректерді қорғау талаптарына қайшы келеді. Сондықтан ақпарат тек құқық қорғау органдарының ресми сұрауы бойынша ұсынылады.

Yandex сайтындағы мәліметке сәйкес, Қазақстандағы тапсырыстар 3 млн теңгеге дейінгі сомаға қорғалған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары