Malim.kz
Қоғам

Алматыда ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заң талқыланды

Арман Қайыпхан
Фото: https://www.facebook.com/aialibagi.kopva

Қоғам белсендісі Бағила Балтабаева Алматыда ЛГБТ насихатына тыйым салуға бағытталған заң жобасы бойынша баспасөз мәслихаты өткенін жазды, деп хабарлайды Malim.kz.

Белсендінің айтуынша, бұл шара Мәжіліс депутаттары ұсынған дәстүрге жат жыныстық қатынастарды насихаттауға тыйым салатын түзетулерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған.

«Сіздердің қолдауларыңызбен осы күнге жеттік. Петиция авторы ретінде халықтың үнін билік естіді. Мәжіліс депутаттары бастамашы болған түзетулерді қолдау үшін баспасөз мәслихатын өткіздік. Мемлекет пен халық қалаулыларының өзара байланысы бар екенін көрдік», – деді Бағила Балтабаева.

Іс-шараға құқық қорғаушылар, жазушы және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Марат Тоқашбаев, «Әкелер форумы» ұйымының өкілі Серікбол Молдаш, актер Айдос Оразай мен қоғам белсендісі Жібек Әменова қатысты.

Қатысушылардың айтуынша, түзетулердің басты мақсаты – балалар мен жастарды дәстүрге жат жыныстық қатынастарды насихаттаудан қорғау.

2020 жылы «Фридрих Эберт қоры» жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесінде қазақстандықтардың 70%-ы ЛГБТ өкілдерімен көрші болғысы келмейтінін айтқан. Ал «Өркендеуге жәрдемдесудің ұлттық қорының» зерттеуі мұндай насихаттың балалардың психикасы мен дамуына теріс әсер етуі мүмкін екенін көрсеткен.

Жоғарыда аталған әлеуметтік зерттеулердің нәтижесін әлеуметтік желілердегі жазбалар мен пікірлер де растап отыр. Онда «жасөспірімдер мен балаларды дәстүрге жат жыныстық қатынастарды насихаттаудан қорғау» талабын және депутаттардың шешімін қазақстандықтардың басым бөлігі қолдайтыны көрсетілген. «Өркендеуге жәрдемдесудің ұлттық қорының» дерегінше, респонденттердің көпшілігі ЛГБТ тақырыбы бойынша ақпаратты негізінен әлеуметтік желілерден (63,7%) алады, ал дәстүрлі БАҚ – теледидар, радио және баспа басылымдары екінші орында (42,6%) тұр. Зерттеу есебі уәкілетті органдар мен ҚР Парламентіне жолданған, - деп жазды ол.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары