Malim.kz
Қоғам

Алматыда мектеп бітіру кешіне қатысты дау туындады

Сабина Асқарқызы
Видеодан скрин/freepik.com

Алматыда мектеп бітіру кешін ұйымдастыруға байланысты қомақты қаражат жиналғаны әлеуметтік желіде қызу талқылануда, деп хабарлайды Malim.kz.

Оқушылардың бірінің анасы жариялаған видеоүндеуде 138 түлектен жалпы 41 миллион теңге жинау жоспарланғаны айтылған. Оның ішінде шамамен 9 миллион теңге ойын-сауық бағдарламасына бөлінбек болған.

Аталған жағдайға қатысты Оқу-ағарту министрлігі түсініктеме беріп, мәселе бойынша алдын ала тексеру жүргізілгенін хабарлады. Ведомство мәліметінше, қаражат жинау бастамасы мектеп тарапынан емес, ата-аналардың өзінен шыққан және бейресми чаттарда талқыланған.

Сонымен қатар тексеру нәтижесінде мектеп басшылығының бұл процеске тиісті бақылау жасамағаны анықталған. Осыған байланысты мектеп директоры қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Қазіргі уақытта бұл жағдай қоғамда мектеп бітіру кештерін ұйымдастыру кезінде қаржылық ашықтық пен ата-аналарға түсетін жүктемені реттеу мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары