Алматыда мектеп оқушысының оқу орнына балта алып келуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Malim.kz ҚазТАГ агенттігіне сілтеп.
«Аталған дерек бойынша Жетісу аудандық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Кәмелетке толмаған баланың әлеуметтік желілер арқылы алған нұсқауларының ықпалымен құқыққа қайшы әрекеттер жасауды жоспарлағаны анықталды. Полиция қызметкерлерінің дер кезінде қолданған шараларының арқасында заңсыз әрекеттің жолы кесіліп, оған жол берілмеді», - деп хабарлады сенбі күні Алматы қалалық полиция департаментінің (ПД) баспасөз қызметі.
Полицейлердің айтуынша, тергеу аясында оқиғаның мән-жайы, соның ішінде жасөспірімді құқыққа қайшы әрекетке тартуға қатысы болуы мүмкін тұлғалар анықталуда.
«Кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдеріне қатысты тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - деп толықтырды ПД өкілдері. Сонымен қатар, олар ата-аналардың балаларының интернеттегі мінез-құлқын бақылауда ұстауының маңыздылығын және кез келген қауіпті сигналдарға дер кезінде назар аудару қажеттігін атап өтті.