Malim.kz
Қоғам

Алматыда резонансты іс: Шенеуніктер мен бизнес өкілдері ұсталды

Арман Қайыпхан
Фото: freepik.com

Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы қаласы бойынша департаменті БАҚ сұрауына жауап ретінде «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ және «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС басшылығына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Malim.kz.

Оларға лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және пара алу фактілері бойынша күдік тағылған.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» жеке тұлғалардың табыстары туралы деректердің бірыңғай мемлекеттік операторы болып табылады. Бұл мәліметтер кредиттік бюролар мен қаржы ұйымдары үшін қарыз алушылардың төлем қабілетін бағалауда аса маңызды.

Тергеу деректеріне сәйкес, 2020 жылы орталықтың бұрынғы басшысы мен «Бірінші кредиттік бюро» жетекшісі арасында заңсыз келісім жасалып, соның нәтижесінде аталған бюроның табыс үлесі 30%-дан 35%-ға дейін ұлғайған. Ал орталықтың үлесі 70%-дан 65%-ға дейін төмендеген.

2025 жылы жаңа басшылық тағайындалғаннан кейін де бұл тең емес шарттар сақталған. Тергеу барысында «Бірінші кредиттік бюроға» артықшылық беретін схема анықталған. Атап айтқанда, ақпарат алмасу жүйесінде сұраныстарды жедел өңдейтін арнайы сервис орнатылып, ал басқа қатысушы үшін керісінше, процесті баяулататын бағдарламалық шектеулер енгізілген.

Осының салдарынан мемлекетке 2 млрд теңгеден астам залал келтірілген.

Сонымен қатар, 2025 жылғы маусымда күдіктілердің бірі орталық басшылығына 75 мың АҚШ доллары көлемінде заңсыз сыйақы бергені анықталған.

Күдіктілер ұсталды. Сот санкциясымен олардың 1 млрд теңгеден астам мүлкі мен активтеріне тыйым салынды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары