Алматыда 15 жастағы қыздың анасы такси жүргізушісінің қызына тиісіп, жеке сипаттағы сұрақтар қойғанын мәлімдеді. Көлік "Яндекс Go" қосымшасы арқылы шақырылған, деп хабарлайды Malim.kz.
Анасының айтуынша, сапар кезінде жүргізуші қыздың қолынан ұстап, қолын сүйген. Сондай-ақ кіммен тұратынын сұрап, "сен менің кішкентайымсың" деген. Бұдан бөлек, кептеліс басталса, "екеуінің арасында махаббат болады" деп айтып, гүл сыйлауға, күн сайын мектепке апарып-әкелуге уәде берген.
Әйелдің сөзінше, жүргізуші қызға бұл туралы ешкімге айтпай, жасырын кездесуді де ұсынған. Қыз 15 жаста, 9-сыныпта оқиды.
Оқиғадан кейін анасы полицияға арыз жазғанын хабарлады. Оның айтуынша, құқық қорғау органдарымен сөйлесу кезінде қызына киімі, қалай отырғаны және жүргізушіні өзі арандатуы мүмкін бе деген мазмұнда сұрақтар қойылған.
Сондай-ақ әйел көліктің деректерін полиция бөлімінің басшысына айтқан кезде, ол жүргізушіні бірден танығанын және оған қатысты бұған дейін де арыз болғанын жеткізгенін мәлімдеді. Алайда алдыңғы арыздың мән-жайы туралы ақпарат жоқ.
Анасының жазбасына сәйкес, "Яндекс Go" қолдау қызметі жүргізушінің аккаунты бұғатталатынын және ол бұдан былай сервис арқылы тапсырыс орындай алмайтынын хабарлаған.
Әйел бұл шараны жеткіліксіз деп санайды. Ол жүргізушінің басқа сервистер арқылы жолаушы тасымалдауын жалғастыруы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдіріп, прокуратураға және балалар құқығын қорғаумен айналысатын ұйымдарға жүгінуге ниетті екенін айтты.
SHYNDYK.KZ редакциясы да "Яндекс Go" компаниясынан түсініктеме сұраған. Алайда жарияланымда нақты жауап алынбағаны көрсетілген.