Malim.kz
Қоғам

«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» гала-концерті дүркіреп өтті

Арман Қайыпхан
Фото: ШҚО әкімдігі

Бүгін Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалінің гала-концерті өтті, деп хабарлайды Malim.kz.

Оған әлемнің әр түкпірінен 50 мыңға жуық адам жиналды. Облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл музыкалық кеш түркі халықтарының ортақ рухани мұрасын, мәдени байланысын және өнердегі бірлігін айшықтай түсті.


Гала-концерт театрландырылған «Пырақ» қойылымымен               басталды. Түркі дүниесінің киелі символы – ақ қанатты тұлпардың тарихы арқылы Ұлы дала өркениеті, көшпенділер мәдениеті мен жылқының адамзат тарихындағы орны көркем бейнеленді.

«Адамзат өркениетінің көне ошағы, ұлы көшпенділердің «кіндігі байланған» алтын діңгегі, тұтас түркі жұртының түпқазығы, тарихи жады мен рухани тамыры тоғысқан қасиетті өр Алтай төріне қош келдіңіздер! Біздер үшін Алтай – өткеннің ескерткіші ғана емес, бүгінгі бауырлас халықтарды ортақ құндылықтар төңірегіне ұйыстыратын рухани өзек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Түркі мемлекеттерінің тарихи және мәдени мұрасын сақтау және оны болашақ ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ міндет» деп ерекше атап өткен болатын. Бұл – уақыт талабынан туған тұжырым. Өр Алтайдың асқақ рухы түркі әлемін әрдайым табыстырып, мәңгілік бірлігімізді бекемдей берсін!», - деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Одан соң сахна төріне Қазақстан, Әзербайжан, Венгрия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Башқұртстан, Тыва Республикасы және Моңғолиядан келген өнерпаздар шықты.
Көмейіне бұлбұл ұялаған әншілер әуелете ән шырқап, дүйім жұрттың құлақ құрышын қандырды.
Әсіресе дүниежүзіне танымал отандасымыз Димаш Құдайберген сахнаға беттегенде жанкүйерлерінің қуаныштарында шек болмады. Халық қосыла әндетіп, би билеп, ерекше сезімге бөленді.



Осылайша, «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі дүркіреп өтті. Бұл кештің қалың жұртқа ұмытылмас әсер сыйлағаны анық.


Айта кетейік, жыл сайынғы дәстүрге айналған фестиваль кеше басталған болатын. Берел ауылындағы «Патшалар алқабы» тарихи-мәдени кешені аумағында белгілі ақын Ақтан Нұрбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ас беріліп, «Төр Алтай Ақтанын жырлайды» атты поэзия фестивалі ұйымдастырылды. Көкпар мен бәйге өтіп, ұлттық спорт ұлықталса, «Ақтанымын Алтайдың» республикалық ақындар айтысында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 12 үздік айтыскер сынға түсті.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары