Қарағанды облысында асырап алған балаларына қатыгездік көрсеткен отбасыға қатысты сот процесі аяқталуға жақын. Мемлекеттік айыптаушы сотталушыларға қандай жаза сұралғанын жария етті, деп хабарлайды Malim.kz.
Тергеу деректеріне сәйкес, отбасының үш мүшесі асырап алған алты баланы бес жыл бойы жүйелі түрде қорлап келген. Олар балаларды соққыға жығып, иттің қорасына ұйықтатуға мәжбүрлеген, сондай-ақ тамақтарына мал қалдықтарын араластырғаны анықталған.
Прокурордың айтуынша, балалар көбіне тек суға пісірілген макаронмен ғана қоректенген, өзге тағам берілмеген.
Сонымен қатар, оларды ауыр жұмысқа салып, қорлап сөйлеген. Балаларға малдың нәжісін жеуге және лас суды ішуге мәжбүрлеу деректері де тіркелген. Киім-кешекпен қамтамасыз етілмей, ескі киімдерді киіп жүрген.
Сот-медициналық сараптама нәтижелері де ауыр жағдайды көрсеткен: бір баланың басынан 47 тыртық анықталған. Ал тағы бір бала ауыр бас сүйек жарақатынан кейін дәрігерлер көмегімен аман қалған. Бұл деректер бұрын жария болған.
Мемлекеттік айыптаушы соттан отбасының отағасына 12 жыл, жұбайына 10 жыл, ал қыз баласына 4 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
Сондай-ақ, әрбір зардап шеккен балаға 10 миллион теңгеден моральдық өтемақы өндіруді талап етті.