Malim.kz
Қоғам

Алтын жүлде үшін ене мен келін таласты: Мергендер сайысында күтпеген жағдай болды

Мадияр Қапанбек
Ене мен келін. Фото: Еркемай Мұңайтбас

Қарағандыда ересектер арасында дәстүрлі садақ атудан Қазақстан кубогі аяқталды. 6-9 тамыз аралығында өткен жарысқа еліміздің 16 облысы мен үш қаласынан 200-ден астам мерген қатысты, деп хабарлайды Malim.kz.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, садақшылар төрт нысана түрі бойынша сынға түсті: 70 және 60 метрден – пұт, 50 метрден – қалқан, 40 метрден – Орта Азия және 30 метрден – жамбы.

Командалық есепте төрт алтын медаль жеңіп алған Алматы құрамасы бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Шығыс Қазақстан облысының командасы еншіледі. Олардың қоржынында екі алтын, төрт күміс және бір қола медаль бар. Үздік үштікті бір алтын және үш қола жүлдемен Шымкент құрамасы түйіндеді.

Фото: Еркемай Мұңайтбас

Турнирдің басты сенсацияларының бірі ерлер арасындағы абсолютті нәтиже болды. Садақшылардың бірі төрт дисциплинаның барлығында жеңіске жетіп, жарыс рекордын орнатты.

Әйелдер арасындағы финал нағыз отбасылық бәсекеге айналды. Алтын медаль үшін ШҚО-дан келген ене мен келін – Аяш Қабдоллаева мен Ажар Төлеуханова сынға түсті. Шешуші кезеңде спортшыларға секундант ретінде туыстары көмектескен.

Жарыс қорытындысында Ажар Төлеуханова "жамбы" нысанасында алтын медаль жеңіп алып, "Орта Азия" сайысында күміске ие болды. Ал Аяш Қабдоллаева "Орта Азия" бойынша топ жарып, "қалқан" сайысында күміс жүлде еншіледі.

Фото: Еркемай Мұңайтбас

"2025 жылы Оңтүстік Кореяда өткен жарыстан кейін екеумізде финалда бірге кездесеміз деген арман пайда болды. Тіпті әзілдеп, медаль тағдырын "сулифа" ойыны арқылы шешерміз деп айтатынбыз. Сол арманымыз Қарағандыда орындалды. ШҚО құрамасының қоржынында екі алтын, төрт күміс және бір қола медаль бар. Соның ішінде екі алтын мен екі күміс біздің отбасымызға тиесілі", – деді Ажар Төлеуханова.

Айта кетейік, 2025 жылы Оңтүстік Кореяда өткен дәстүрлі садақ атудан әлем кубогінде Аяш Қабдоллаева алтын медаль жеңіп алған.

Спортшының айтуынша, Қазақстан кубогіне дайындалу оңай болмаған.

"Біз Қырғызстандағы оқу-жаттығу жиынынан жақында ғана оралдық. Бір аптадан кейін жастар арасындағы Қазақстан чемпионатын өткіздік. Чемпионат аяқталған күннің ертеңіне Қарағандыға жолға шықтық. Сондықтан арнайы дайындалуға уақыт аз болды. Соған қарамастан бағымызды сынап, жүлде үшін күресуге шешім қабылдадық. Сапарымызды толық қаржыландырған ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасына үлкен алғысымызды білдіреміз", – деді ол.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары