Malim.kz
Қоғам

"Анашым" әні Мақпал Жүнісоваға бұйырмады": Марат Омаров ел естімеген шындықты айтты

• Мадияр Қапанбек
Марат Омаров пен Мақпал Жүнісова. Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

"Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды..." деп басталатын "Анашым" әні қазақ тыңдарманына 40 жылға жуық уақыттан бері жақсы таныс. Туындының авторы, композитор Марат Омаров NUR.KZ тілшісіне әннің қалай дүниеге келгенін және оның алғашында Мақпал Жүнісоваға арналмақ болғанын айтып берді, деп хабарлайды Malim.kz.

Марат Омаров бір жасқа толғанда әкесінен айырылған. Оны анасы Сұлухан әжей жалғыз тәрбиелеп өсірген. Композитордың айтуынша, бала кезінде Шәмші Қалдаяқовтың ана туралы әнін естіп, өзі де бір күні анасына арнап шығарма жазуды армандаған.

1985 жылы студент Марат Омаров кино түсіріліміне кеткен кезде анасы алыстағы ауылдан Алматыға арнайы іздеп келген. Алайда баласын жатақханадан таба алмай, ауылдан әкелген дәмін, ақша мен хат қалдырып кетеді.

"Балам-ай, ең болмаса әкең сенің басыңнан сипамады, соны көрмей кетті. Әкеңнің маңдайыңнан сипағанын сен де сезбедің. Мен де сонау алыс ауылдан өзіңді көремін ғой деп келгенімде, таппай кетіп бара жатырмын. Хабарлассаңшы, балам. Көп болды ғой көрмегелі, сені сағындым ғой", – деп жазыпты хатта анасы.

Омаровтың айтуынша, дәл осы хат оны қатты толқытқан. Сол түні ұйықтай алмай, ана туралы жаңа әннің әуенін шығара бастайды.

"Сол түні домбыраны біраз дыңғырлаттым да, кейін күйсандыққа барып отырдым. Қазақтың даласы қандай кең болса, сондай етіп анамды жырлап өтсем деп ниет қылдым. Соны халыққа қалай жеткізсем екен, "өзім өнерпаз бола тұра, анама бір ән жаза алмаймын ба?" дедім де өлең жолдарымен идеясын келтіріп қойдым. Сол кезде ана туралы әуен туды. Одан кейін ана ақынға, мына ақынға бардым, олар анда-мында жіберді. Сөйтіп телевизияда істейтін Құсман, Еңлікхан, Жүрсін Ерман деген кісілерге бардым. Олар мені Қайрат Жұмағалиев деген ақынға жіберді. "Оның да анасы бар, ол да сен сияқты әкесіз өскен, өмірбаяндарың ұқсас. Сол саған жазып береді" деді әлгі жерде. Ол кісінің анасы да 94 жаста екен. Қайрат аға бірден келісті. 

– Жүрегім жыр толғайды, 

Көңілім ортаймайды.

Анасы бар адамдар 

Ешқашан қартаймайды..." деп бірден жазып берді. Бұл әннің кейіпкері – өзімнің анам", – дейді Марат Омаров. 

Алғашқы кезде Марат Омаров "Анашым" әнін шағын отырыстарда гитарамен орындап жүрген. Кейін туындыны үлкен сахнаға шығару үшін Мақпал Жүнісоваға беруді жоспарлайды. Себебі әнші де әкесінен ерте айырылып, анасының тәрбиесінде өскен.

Алайда әннің тағдыры күтпеген жерден өзгеріп, оны сол кезде өнерге енді қадам басып жүрген Нұрлан Өнербаев орындап кетеді.

"Ол кезде "Гүлдер" ансамблінде Мақпал Жүнісованың атағы шығып жүрген еді. Мақпалдың да тағдыры сондай екен, әкесі ерте кетіп, анасы тәрбиелеген. Нотасын қағазға түсіріп, Мақпалға дайындап жатқанбыз. Соны күтіп жүргенмін. Бір күні замандастармен сауық-кешке бардық. Лидия Кәденованың жолдасы Ермек Әуелбеков менің досым болатын. Сол екеуміз "Анашым" әнін гитарамен орындадық. Бір кезде Нұрлан Өнербаев әйелі Жаннамен сол кешке келді. Бәріміз қатарласпыз, жерлеспіз. Сол кезде Нұрлан Өнербаев ұнатып қалған болуы керек, ертеңінде әйелі арқылы менен сол әнді сұрапты. "Марат, Нұрланды "Тамаша" ойын-сауық отауына шақырып жатыр. Бірақ орындайтын әні жоқ. Сенің "Анашым" атты әніңді Нұрлан орындаса, қалай қарайсың?" дейді. Сөйтіп Нұрланға гитарамен қалай орындау керектігін үйретіп, рұқсатымды бердім. Одан кейін екі-үш күн өтпей "Жапырағын жайған бәйтерек..." деп басталатын "Әке арманы" атты әнімді сұрап алды. Сол кезде Нұрлан Өнербаевтың аты дүркіреп кетті. Сол сәттен бастап "Анашым" әні халықың жүрегінен орын алды", – дейді автор.

Ән жарық көргеннен кейін қысқа уақыт ішінде елге кеңінен тараған. Марат Омаровтың сөзінше, сол кезде көпшілік мұндай туындыны жазған композиторды жасы үлкен адам деп ойлаған.

"Ән халық арасында тараған кезде, елдің бәрі бұл әнді жазған композитор 50-60 жаста деп ойлапты. Сол кезде мен өзімді композитормын деп айтуға ұялатынмын, 25 жастамын. Кейін көркемдік кеңеске шақырып, қаламақымды беріп, Сейдолла Бәйтереков ағамыз мақтап, Әсет Бейсеуов ағам батасын берген еді", – дейді сазгер. 

Композитордың айтуынша, "Анашым" кейін бірнеше шет тілінде де орындала бастаған. Ол анасы Сұлухан әже туралы жеке кітап жазуды да жоспарлап жүргенін айтқан.

Мақпал Жүнісова кім?

Мақпал Жүнісова – қазақ эстрадасының белгілі әншісі, Қазақстанның халық әртісі және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол 1964 жылғы 11 қаңтарда Қарағанды облысының Теректі ауылында дүниеге келген.

Өнер жолын "Гүлдер" ансамблінде халық әндерін орындаудан бастаған. Кейін "Қазақконцерт" бірлестігі жанындағы "Назерке" ансамблінде еңбек етіп, жеке орындаушы ретінде кеңінен танылды. Мақпал Жүнісова лирикалық әндерді өзіндік орындау мәнерімен жеткізуімен ерекшеленеді.

1994 жылы оған Қазақстанның халық әртісі атағы берілді, ал 1999 жылы Мемлекеттік сыйлық иегері атанды. 2026 жылы II дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталды.

Марат Омаров кім?

Марат Омаров – қазақстандық композитор, әнші және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол қазақ эстрадасында "Анашым", "Әке арманы", "Қыз сыры", "Алғашқы махаббат", "Арман қала – Астана" секілді әндердің авторы ретінде танылған.

Марат Омаровтың шығармалары Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де орындалып жүр. Композитор кейін АҚШ-та шығармашылық жұмысын жалғастырып, Дүниежүзілік композиторлар қауымдастығының мүшесі болғаны хабарланған.

Оның ең танымал туындыларының бірі – Қайрат Жұмағалиевтің сөзіне жазылған "Анашым" әні. Бұл шығарманы Нұрлан Өнербаев орындап, ән көпшілік арасында кеңінен тарады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары