Malim.kz
Әлем

AP: Ресей Венесуэладан дипломаттардың отбасыларын эвакуациялай бастады

Арман Қайыпхан
Фото: Jesus Vargas/AP/dpa/picture alliance

Ресей Венесуэланың астанасы Каракастан өз дипломаттарының отбасыларын эвакуациялауға кірісті. Бұл туралы Associated Press агенттігі еуропалық барлау қызметтеріндегі дереккөздерге сілтеме жасап мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Эвакуация 19 желтоқсанда басталған. AP сұхбаттасушысының айтуынша, РФ Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері Венесуэладағы жағдайды «өте мүшкіл» деп бағалап отыр.

Алайда Ресейдің Сыртқы істер министрлігі дипломаттар отбасын эвакуациялау туралы ақпараттың «шындыққа жанаспайтынын» мәлімдеді. Өз сөздерін растау үшін ведомство Венесуэлада тұратын ресейліктерге арналған балалардың жаңа жылдық мерекесінен түсірілген фотосуреттерді жариялады.

Бұған дейін, бір күн бұрын Венесуэланың сыртқы істер министрі Иван Хиль Ресей СІМ басшысы Сергей Лавровтың АҚШ-тың мұнай танкерлеріне қатысты блокадасы мен Вашингтонның ресми Каракасқа қысым көрсетуіне байланысты Венесуэлаға қолдау білдіргенін айтқан болатын.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары