Malim.kz
Қоғам

Apple iPhone 18-дің таныстырылым күнін жариялады

Сабина Асқарқызы
Фото: PCMag/Apple

Apple компаниясы жаңа құрылғыларының тұсаукесерін 9 қыркүйекте өткізеді. Іс-шара компанияның Купертинодағы Apple Park кампусында ұйымдастырылып, Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады, деп хабарлайды Malim.kz.

Тұсаукесерде компанияның жаңа смартфондары таныстырылады деп күтілуде. Негізгі жаңалықтардың қатарында iPhone 18 Pro, iPhone 18 Pro Max және Apple-дің алғашқы жиналмалы iPhone моделі болуы мүмкін. Оның атауы әзірге ресми расталмағанымен, iPhone Ultra деп аталуы ықтимал.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, базалық iPhone 18 бұл жолы қыркүйекте емес, 2027 жылдың көктемінде таныстырылуы мүмкін. Онымен бірге iPhone 18e және жаңартылған iPhone Air моделінің шығуы да болжанып отыр.

Жаңа процессор мен камера

Жаңа iPhone модельдеріне 2 нанометрлік технологиямен жасалған A20 Pro процессоры орнатылады деген болжам бар. Жаңа чип смартфондардың өнімділігі мен энергия тиімділігін арттыруға бағытталған.

Ал iPhone 18 Pro және iPhone 18 Pro Max модельдерінде диафрагмасы өзгермелі негізгі камера қолданылуы мүмкін. Дизайн жағынан жаңа смартфондар iPhone 17 Pro сериясынан айтарлықтай ерекшеленбейді деген болжам бар.

Жад тапшылығының сақталуына байланысты жаңа құрылғылардың бағасы да өсуі мүмкін.

Apple алғаш рет жиналмалы iPhone көрсетуі мүмкін

Тұсаукесердегі ең көп күтілетін жаңалықтардың бірі – жиналмалы iPhone. Бұл компанияның 2017 жылы iPhone X шыққаннан кейінгі смартфондардағы ең ірі форм-факторлық өзгерістерінің бірі болуы ықтимал.

Алдын ала мәлімет бойынша, құрылғының сыртқы экраны шамамен 5,5 дюйм, ал ішкі дисплейі 7,6 дюйм болады. Смартфон толық ашылған кезде шағын планшетке ұқсайды.

Құрылғыны барынша жұқа ету үшін Apple кейбір технологиялық шешімдерден бас тартуы мүмкін. Атап айтқанда, Face ID орнына Touch ID қолданылып, телефото камерасы болмауы ықтимал.

Сонымен қатар 9 қыркүйектегі шарада Apple Watch Series 12 және Apple Watch Ultra 4 смарт-сағаттары таныстырылуы мүмкін. Бұдан бөлек, компания ақылды үйге арналған жаңа хаб, жаңартылған Apple TV 4K және HomePod mini құрылғыларын көрсетуі ықтимал.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары