Malim.kz
Қоғам

"Ақбаян өзі қарсы болған жоқ": Атырауда жоғалған отбасыға қатысты ел естімеген тың дерек шықты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
politico.kz коллажы

Атырау облысы Жангелдин ауылында болған қанды оқиғаға байланысты негізгі күдіктілердің бірі ретінде аталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің анасы келіні Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты жаңа жайттарды жария етті, деп хабарлайды Malim.kz.

Марқұм ерлі-зайыптылардың кенже қызының енесі құқық қорғау органдары кейбір деректерді бұрмалап, жағдайды дұрыс түсінбей отыр деген пікір білдірген. Оның айтуынша, келінінің шашын тықырлап алу тұрмыстық зорлық-зомбылықпен байланысты емес.

Журналист Руслан Өтепбайдың "Келіннің шашын не себепті алдыңыздар?" деген сауалына ол келесідей жауап берген.

"Келіннің үсті-басына жара түсіп кетті. Биттеп кетті. Сосын, амал жоқ, тықырлап алып тастадық. Өзім рұқсат бердім. "Сұлтан, шашын алып таста! Түнімен басын қасып, жара қылды. Жаймасының бәрі жараның қабығынан көрінбейді. Балаларға жұғып жүрер. Масқара боламыз" дедім. Сұлтан қия алмады. Қанша дегенмен жақсы көреді ғой. Сүйіп қосылған келіншегі. Алып тасташы. Жаз ғой. Душ бар. Ақбаян өзі қарсы болған жоқ. Қайта, рахаттанып қалды. Жудым басын аппақ қылып. Қан құйылғаннан реакция беріп тұрған ғой. Содан жара шыққан. Оны полиция басқаша түсінді. "Неге алдыңыз шашын?  Олай ала ма?" деп, басқаша оймен айтады. "Күйеуінен таяқ жеп, шашын алып тастаған" деп ойлайды. Арасы жақсы болды олардың. Кикілжің болған жоқ", – деді күдіктінің анасы.

Еске сала кетейік, қаңтар айының басында Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері өз үйлерінің ауласындағы шаруашылық нысанынан шамамен бір метр тереңдіктен табылған еді. Ал олардың балалары – Мейрамгүл Мұқанғалиева мен Наурыз Мұқанғалиев әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалған.

Тергеу деректеріне сәйкес, оқиға алдында белгісіз адам ұлдарының атынан «ата-анамды Ташкентке емдетуге апарамын» деген желеумен ұсақ малды сата бастаған. Туыстары күмәнданып, ірі қараны сатуға жол бермеген.

Сонымен қатар тергеу барысында Ақбаян Мұқанғалиева мен оның күйеуі Сұлтан Сәрсемәлиевтің Шымкентке ұшып, кейін Өзбекстан шекарасынан өткені анықталған. Кей мәліметтерге сүйенсек, олар бұл елде де ұзақ тұрақтамаған.

Қазіргі уақытта аталған тұлғаларға халықаралық іздеу жарияланған. Күйеу бала негізгі күдікті ретінде қарастырылып отыр. Тергеу амалдары жалғасуда.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары