Malim.kz
Қоғам

"Ақбаян Сұлтанның қасында... Есін білмейді": Атырауда жоғалған отбасыға қатысты қорқынышты дерек тарады

Мадияр Қапанбек
Arasha.kz коллажы

Атырау облысындағы Жангелдин ауылында бір отбасының із-түзсіз жоғалуы қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметтердің анығын білу үшін Massaget.kz тілшілері оқиға орнына арнайы барып, жағдаймен танысқан, деп хабарлайды Malim.kz.

Белгілі болғандай, 25 желтоқсанда Атырау облыстық полициясына қала тұрғыны арыз түсіріп, ағасы мен оның отбасы бір айдан астам уақыт бойы хабар-ошарсыз кеткенін хабарлаған. Ал 6 қаңтарда жоғалған ерлі-зайыптының мәйіттері ауылдағы сарайдан табылған.

Қазіргі таңда марқұмдардың балалары – Мейрамгүл мен Наурыз әлі күнге дейін табылған жоқ. Туыстары олардың аман-есен оралуынан үміт үзбей отыр. Жоғалған отбасының жақыны Ләззат Кенжеғалиева бұл жағдайдың отбасы үшін аса ауыр екенін айтып, ауылда іздеу жұмыстары қайта жалғасуы мүмкін екенін жеткізді.

Сондай-ақ туыстары отбасының тағы бір қызы – Ақбаян туралы да мәлімет берді. Олардың айтуынша, Ақбаян Ақтөбе қаласында заңгер мамандығы бойынша білім алып, кейін тұрмысқа шығып, бес бала тәрбиелеген. Бесінші баладан кейін оның денсаулығы күрт нашарлағаны айтылды.

"Бесінші балада қызымыз ауру болған. "Есін білмейді" дейді. Жеңгем де айтып жүрді. "Ақбаян соның (күдікті күйеу баланың – еск.) қасында" дейді. Екеуі де хабарсыз", – деді марқұмдардың туысы.

Қазіргі уақытта марқұмдар тұрған үй мен сарайдың есіктері мөрленіп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін полиция ерлі-зайыптының өліміне байланысты күдіктіге іздеу жарияланғанын хабарлаған. Күдікті – Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны Сұлтан Сәрсемалиев. Оны іздестіру ісі 8 қаңтарда ресми түрде тіркелген.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары