Malim.kz
Қоғам

Ақмола облысында 1,1 млрд теңгелік сатып алу рәсімдері тоқтатылды

Арман Қайыпхан
Фото: gov.kz

Ақмола облысының прокурорлары жергілікті билік тарапынан жіберілген ірі бюджеттік заңбұзушылықтардың жолын кесті, деп хабарлайды Malim.kz.

Степногорск әкімдігі қаланы күтіп-ұстауға арналған шығын сметаларын негізсіз ұлғайтуға әрекет жасаған. Соның салдарынан жалпы құны 1,1 миллиард теңгеден асатын мемлекеттік сатып алулардың күші жойылды.

Өрескел заңбұзушылықтар қаланы қысқы және жазғы күтіп-ұстау жұмыстарының жоспарын әзірлеу кезінде анықталған.

Прокурорлардың мәліметінше, лауазымды тұлғалар сметалық құнды негізсіз көтеріп, жоспарларға артық әрі экономикалық тұрғыдан негізделмеген жұмыс көлемдерін енгізген.

Сонымен қатар олар заңнама талаптарына сәйкес келмейтін және бәсекелестік ортаны шектейтін шарттарды белгілеген.

Қадағалау шаралары нәтижесінде жалпы сомасы 1,1 миллиард теңгені құрайтын тоғыз мемлекеттік сатып алу рәсімі тоқтатылды. Сметалық құн қайта қаралып, бюджеттен негізсіз жұмсалуы мүмкін 386 миллион теңге шығын қысқартылды.

«Осының арқасында мемлекеттік қаражат үнемделді», – деп хабарлады прокуратура 2026 жылғы 4 маусымда.

Бюджет шығындарын негізсіз арттыру әрекеті қала басшылығы үшін салдарсыз қалған жоқ. Заңдылық талаптарын бұзғаны үшін Степногорск әкімінің орынбасары мен мемлекеттік активтер бөлімінің басшысы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары