Malim.kz
Қоғам

Ақмола облысында жолдар жабылуы мүмкін

Арман Қайыпхан
Фото: видеодан скрин

Ақмола облысының патрульдік полициясы көктайғаққа байланысты қызмет өткерудің күшейтілген нұсқасына ауыстырылды, деп хабарлайды Malim.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше ауа райының нашарлауына байланысты  «Астана - Петропавл» автожолында 24-тен 231 километрге дейін көлік құралдарының барлық түрі үшін жылдамдық режимін 80 км/сағ дейін шектеу енгізілді.

«Қазіргі уақытта өңір автожолдарының кей учаскелерінде қозғалысты уақытша жабу туралы мәселе қаралып жатыр. Полицейлер азаматтарды өте мұқият болуға, «112» қызметінің арнайы хабарламаларын қадағалауға, ауа райы жағдайларын ескеруге және шұғыл қажеттілік болмаса, сапардан бас тартуға шақырады», - деп жазылған хабарламада.

Қысқы шина салмаған көлік құралдары анықталған жағдайда патрульдік полиция қызметкерлері жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында автомобильдерді қайтарып, олардың одан әрі қозғалысын шектейтін болады.

«Қазіргі уақытта өңірде күшейтілген қызмет атқаруға патрульдік полицияның 200-ге жуық қызметкері тартылды. Олар жол жағдайы толық қалпына келгенше облыс жолдарында қызмет атқарады», - дейді полиция.

Ақмола облысының полиция департаменті жол қозғалысына қатысушылардан жауапкершілік пен сақтық танытуды, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің нұсқауларын орындауды сұрады.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары