АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі елге туристік немесе іскерлік мақсатпен кіріп, кейін саяси баспана сұраған шетелдіктердің визаларын жоюға дайындалып жатыр. Бұл шара 200 мыңға дейін адамды қамтуы мүмкін.
Associated Press агенттігінің АҚШ Мемлекеттік департаментінің құжаттары мен екі америкалық шенеунікке сүйенген мәліметіне қарағанда, әңгіме B1 және B2 санатындағы визалар туралы болып отыр. B1 визасы іскерлік сапарларға, ал B2 визасы туристік және қысқа мерзімді сапарларға беріледі. Нысанаға 2016–2026 жылдар аралығында берілген, кейін иелері АҚШ-та баспана сұраған немесе қазір asylum рәсімінен өтіп жатқан визалар алынбақ.
АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл жұмысты Ұлттық қауіпсіздік департаментімен (DHS) бірлесіп жүргізіп жатыр.
Мемлекеттік департамент өкілі Томми Пиготттың айтуынша, билік АҚШ-қа қысқа мерзімді келуші ретінде кіріп, кейін елде тұрақтап қалу үшін баспана рәсіміне жүгінген шетелдіктерді анықтап, олардың иммиграциялық емес визаларын жоюды көздейді.
Бұл шара жүзеге асса, АҚШ тарихындағы бір жолғы ең ірі визаны жаппай жою оқиғасына айналуы мүмкін. Алайда 200 мың деген көрсеткіш әзірге түпкілікті сан емес: Мемлекеттік департамент нақты көлемді жариялаған жоқ және процестің кезең-кезеңімен жүргізілетінін мәлімдеген.
Маңыздысы, визаның жойылуы өздігінен адамды бірден АҚШ-тан депортациялау дегенді білдірмейді. AP дерегінше, баспана жөніндегі кейбір істері қаралып жатқан адамдардың мәртебесі қайта санатталуы мүмкін, бірақ олар турист немесе іскерлік сапарға арналған B1/B2 визасынан айырылады.
Бұл шешім Трамп әкімшілігінің АҚШ-тағы көші-қон саясатын қатаңдату науқанының кезекті қадамы болып отыр. Мемлекеттік департамент бұған дейінгі 18 айда қылмыс жасау, визалық талаптарды бұзу немесе қауіпсіздік мәселелеріне байланысты 175 мыңнан астам визаның жойылғанын хабарлаған.