Malim.kz
Әлем

АҚШ Иранның энергетика нысандарын атқылауды уақытша тоқтатты – Трамп

Арман Қайыпхан
Фото: x.com/whitehouse

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның энергетикалық нысандарына жасалатын соққыларды 10 күнге, яғни 6 сәуірге дейін тоқтататынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Truth әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды Malim.kz.

«Иран үкіметінің өтініші бойынша энергетикалық нысандарды жою кезеңін 10 күнге — 2026 жылғы 6 сәуір, дүйсенбі күні АҚШ-тың шығыс уақыты бойынша 20:00-ге дейін тоқтататынымды мәлімдеймін», — деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар Трамп Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөздер жалғасып жатқанын айтты.

«Келіссөздер жалғасуда және “жалған жаңалықтар” мен басқа дереккөздердің керісінше мәлімдемелеріне қарамастан, олар өте сәтті өтіп жатыр», — деді Ақ үй басшысы.

Бірнеше күн бұрын Трамп Иранның электр станциялары мен энергетикалық инфрақұрылымына соққыларды бес күнге шегеруді тапсырғанын хабарлаған болатын. Оның айтуынша, бұл шешім конструктивті келіссөздер аясында қабылданған.

26 наурызда министрлер кабинетінің соғыс басталғаннан бергі алғашқы отырысында сөйлеген сөзінде Трамп АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операциялары жоспардан «өте жоғары қарқынмен» жүріп жатқанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, Тегеран келісімге мүдделі, бірақ ішкі саяси тәуекелдерге байланысты мұны ашық мойындамай отыр.

Ал Иранның ресми өкілдері АҚШ-пен қандай да бір келіссөздер жүргізіліп жатқанын жоққа шығарады.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары