Швейцарияда АҚШ пен Иран арасындағы техникалық келіссөздердің жаңа кезеңі басталды. Кездесу тараптар арасында «жол картасын» келісуден кейін өтіп жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Швейцария үкіметінің мәлімдеуінше, келісілген «жол картасы» АҚШ пен Иран арасында жаңа техникалық келіссөздерді дереу бастауға мүмкіндік берген.
Бұған дейін АҚШ пен Иран арасындағы алғашқы бейбіт келіссөздер Катар мен Пәкістанның араағайындығымен Швейцариядағы Люцерн қаласына жақын орналасқан Бюргеншток тау курортында өткен.
Кездесу 18 маусымға қараған түні АҚШ президенті Дональд Трамп пен Иран президенті Масуд Пезешкиан қашықтан қол қойған өзара түсіністік туралы меморандумнан кейін ұйымдастырылды.
АҚШ делегациясының құрамында вице-президент Джей Ди Вэнс және Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер болды. Ал Иран тарапынан парламент спикері Мохаммад Багер Галибаф пен сыртқы істер министрі Аббас Арагчи қатысты.
Катар мен Пәкістанның бірлескен мәлімдемесінде келіссөздер «оң әрі конструктивті» жағдайда өткенін айтылған. Тараптар келіссөз барысын бақылау үшін жоғары деңгейлі комитет құру туралы шешім қабылдаған.
Комитет 60 күн ішінде түпкілікті келісімге қол жеткізуге бағытталған «жол картасын» мақұлдаған. Техникалық келіссөздер аптаның соңына дейін Бюргеншток курортында жалғасады.
Сонымен қатар, АҚШ пен Иран Ормуз бұғазындағы «оқиғалар мен түсініспеушіліктердің алдын алу» үшін байланыс желісін құрды. Сондай-ақ Вашингтон мен Тегеран Ливандағы атысты тоқтату режимін бақылауға арналған үйлестіру орталығын құруға келісті.
Бұған дейін АҚШ Қаржы министрлігі Иран мұнайын экспорттауға уақытша лицензия беріп, екіжақты реттеу аясында Тегеранға салынған санкциялардың бір бөлігін алып тастаған.