Malim.kz
Әлем

АҚШ Қазақстандағы мүдделері бойынша Украинаға ескерту жасады

Айбын Атабай
Celal Gunes/Anadolu

АҚШ Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумы нысандарына жасалған шабуылдардан кейін Украинаға ресми дипломатиялық демарш жолдады, деп жазады  Malim.kz yenisafak.com, CNN сайтына сілтеме жасап.

"Біз Новороссийскке қарсы жасалған украин шабуылдары кейбір америкалық инвестицияға әсер еткенін білдік. Бұл инвестициялар Қазақстан арқылы жүзеге асырылады. АҚШ мемлекеттік департаментінен бізге америкалық мүдделерге зиян келтірмеуге кеңес берілгенін естідік", – деді Украинаның АҚШ-тағы елшісі Ольга Стефанишина.

Ол бұл туралы ресми дипломатиялық хабарлама – демарш алғанын нақтылады. Елші АҚШ Киевке Ресейдің әскери және энергетикалық инфрақұрылымына шабуыл жасамауға кеңес бермегенін атап өтті.

"Нақты айтқанда, мәселе америкалық экономикалық мүдделерге қатысты болды. Біз оны ескердік", – деді Стефанишина.

CNN мәліметінше, 2025 жылдың қараша соңында украиналық дрондар Новороссийск портын нысанаға алған, бұл шабуыл тек Ресей нысандарына ғана емес, маңызды құбырға да зиян келтіріп, Қазақстаннан экспортталатын мұнай көлемінің айтарлықтай азаюына әкелген еді.

"Chevron компаниясы – Каспий құбыр консорциумындағы ірі акционер, ол Қазақстанның кен орындарынан мұнайды Қара теңіз арқылы экспортқа тасымалдайды", – деп атап өтеді америкалық телеарна.

Елші Мемлекеттік департаменттің хабарламасында АҚШ-тың қазіргі таңда Украинаның Қазақстандағыдай экономикалық мүдделері жоқ екені көрсетілгенін атап өтті.

"Украинаның тәуелсіздік алғанына 35 жыл толып отыр, осындай мүмкіндіктеріміз бар бола тұра,  Қазақстандағыдай жағдайға қоя алмай қалғанымыз өкінішті", – деді Стефанишина.

Сонымен қатар елші АҚШ-қа Украинаға көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтты. Оның айтуынша, бұл қолдау Дональд Трамп әкімшілігі кезінде айтарлықтай күшейген.

Дегенмен, ол Украинаға 2022 жылғы соғыстың басында сұраған ауыр қаруларды беруден бас тартқанын және саяси қысымның жеткіліксіз болғанын сынға алды.

Осыған дейін депутат Сарым Каспий құбырына (КТК) кезекті рет шабуыл жасаған Киевке қатысты пікір білдіріп, Кремль мен Батысты белсенді әрекет етуге шақырған болатын.

Мәжілісмен Chevron секілді әмірикалық алпауыттардың КТК құрамында екенін еске салып, Қазақстанның стратегиялық әріптесі саналатын АҚШ Украинаға ықпал ете алатынын жеткізген еді.

«Украина Уашиңтонның қолдауына тікелей тәуелді. Демек, Әмірика мен өзге де серіктестер Киевке сөзін өткізіп, нысананы дұрыс таңдауды талап еткені маңызды», – деген болатын Айдос Сарым. Депутаттың ойынша, халықаралық қауымдастық пен акционерлердің Украинаға бірлесіп ықпал етуі КТК-ның тәуекелін азайтып, Астананың энергетикалық қауіпсіздігін сақтауға септігін тигізбек.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары