Malim.kz
Әлем

АҚШ Ресейге жаңа санкциялар салу шегіне жетті – Рубио

Арман Қайыпхан
Фото: видеодан кадр

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың айтуынша, Вашингтон Мәскеуге қарсы жаңа шектеулер енгізу мүмкіндігінің шегіне таяп қалды. Ол бұл туралы Канадада өткен G7 елдерінің сыртқы істер министрлері кездесуінен кейін журналистерге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

«Біз іс жүзінде санкция салуға болатын нысандардың барлығына дерлік шара қолдандық. Менің ойымша, біз олардың ең ірі мұнай компанияларына соққы бердік. Енді бастысы – осы санкциялардың орындалуын қамтамасыз ету», – деді Рубио.

Мемхатшы Ресей мұнайына қатысты шектеулерді айналып өту үшін қолданылып жүрген «көлеңкелі флот» мәселесін де атап өтті. Оның айтуынша, бұл – жаңа санкциялар енгізу емес, бар шектеулердің орындалуын бақылау тетігі.

Рубио сондай-ақ Еуропалық одақ елдері бұл бағытта белсендірек әрекет етуі тиіс екенін айтты, себебі Ресейдің көптеген танкерлері Еуропа жағалауына жақын аймақтардан өтеді.

Ресейдің бейбіт келісімге мүдделілігі туралы сұраққа Рубио: «Мұны сөзбен емес, әрекетпен бағалауға болады. Мәскеу Донецк облысының қалған бөлігін алғысы келетінін ашық айтып отыр. Бұл – Киев үшін мүлде қолайсыз талаптар», – деп жауап берді.

Айта кетейік, қазан айының соңында АҚШ Дональд Трамптың екінші президенттік мерзімі кезінде алғаш рет Ресейге қарсы жаңа кең көлемді санкциялар енгізген болатын. Бұл шектеулер «Роснефть» және «Лукойл» компанияларын да қамтыды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары