Malim.kz
Әлем

АҚШ-тағы 2028 жылғы сайлау: Трамп Вэнске басымдық бере бастады

Арман Қайыпхан
Фото: instagram.com/realdonaldtrump

АҚШ президенті Дональд Трамп 2028 жылғы президент сайлауында Республикалық партия атынан қазіргі вице-президент Джей Ди Вэнстің кандидатурасын қолдауға бейім. Бұл туралы The Washington Post басылымы жазды, деп хабарлайды Malim.kz.

Басылым мәліметінше, шамамен екі апта бұрын партия демеушілерімен Ақ үйдегі кездесуде Трамп: «Ақыр соңында біз Джей Диді сайлауымыз керек», – деген.

Соған қарамастан, Трамп әзірге Вэнсті ресми түрде қолдаған жоқ. Бұған дейін ол 2028 жылғы сайлауда Вэнс пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио арасында бәсекелестік болуы мүмкін екенін айтып, нақты қай үміткерге басымдық беретінін ашық мәлімдемеген.

Дереккөздердің айтуынша, Трамптың түпкілікті шешімі әлі қабылданбаған. Ал Джей Ди Вэнс әзірге 2028 жылғы президенттік сайлауға қатысатыны туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

АҚШ-та кезекті президент сайлауы 2028 жылғы 7 қарашаға жоспарланған. Бұл ел тарихындағы 61-президенттік сайлау болмақ.

АҚШ Конституциясына сәйкес, Дональд Трамп үшінші мерзімге президент болып сайлана алмайды. Осыған байланысты республикашылдар жаңа кандидат ұсынуы тиіс. Бұған дейін Трамп ықтимал үміткерлер қатарында Джей Ди Вэнсті, Марко Рубионы, Қаржы министрі Скотт Бессентті және бұрынғы Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэмді атаған.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары