АҚШ азаматтығын алған Сенегал тумасы, 53 жастағы Ндиага Диагне Остин қаласында (Техас штаты) екі адамды атып өлтіріп, тағы 14 адамды жаралады деген күдікке ілінген. Ол Иран туы бейнеленген футболка киген болған. Бұл туралы жексенбі, 1 наурыз күні Associated Press агенттігі құқық қорғау органдары өкіліне сілтеме жасап хабарлады.
Өз кезегінде экстремистердің онлайн-белсенділігін бақылайтын америкалық SITE Intelligence Group компаниясы күдіктінің әлеуметтік желілерде «иран режимін» қолдағанын анықтаған.
Facebook-тегі жазбаларында ол 2017 жылдан бастап «Израиль мен АҚШ басшылығына деген жеккөрушілігін білдірген», деп атап өтті SITE Intelligence Group. Ер адамның үстіндегі қалың жейдесінде «Алланың меншігі» деген жазу болған.
Барға оқ атқан
Остин қаласының полициясы барға шабуыл жасаған күдіктіні атып өлтірді. Ол шабуыл кезінде тапанша мен винтовка қолданған.
Остин полициясының басшысы Лиза Дэвистің айтуынша, күдікті бардың жанынан бірнеше рет көлігімен өтіп, кейін жол жиегіне тоқтаған. Ол жол талғамайтын көлігінің терезесінен тапаншамен бардың террасасында және ғимарат алдында тұрған адамдарға оқ атқан.
Содан кейін ер адам көлігін тұраққа қойып, винтовкамен кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдарға қарай оқ жаудырған. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері оны атып өлтіргенін Дэвис нақтылады.
ФБР «ықтимал терроризм актісі» туралы мәлімдеді
Федералдық тергеу бюросының (ФБР) арнайы агенті Алекс Доран шабуылдың нақты себебі белгісіз екенін, алайда «аталған тұлғаның өзінен және көлігінен терроризммен ықтимал байланысын көрсететін заттар табылғанын» хабарлады. Доранның сөзінше, бұл «ықтимал терроризм актісі» болуы мүмкін.
Тергеуге ФБР-дің терроризмге қарсы тобы тартылған. Олар жергілікті билік органдарымен бірлесіп жұмыс істейді.
AFP агенттігінің хабарлауынша, АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған әуе соққыларынан кейін көптеген америкалық қалаларда қауіпсіздік шаралары күшейтілген.
Израиль мен АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операциясы
28 ақпан күні таңертең Израиль мен АҚШ Тегеранға және Иран аумағындағы басқа нысандарға соққы жасады. АҚШ президенті Дональд Трамп Ислам Республикасының ядролық бағдарламасын жою ниетін мәлімдеді. Ол Иран армиясын қару тастауға, ал ел тұрғындарын «өз тағдырын өз қолына алуға» шақырды.
Иран Қызыл Жарты ай қоғамының 1 наурыз таңындағы мәліметі бойынша, соққылар салдарынан елде 201 адам қаза тауып, 747 адам жараланған. Ирандық БАҚ Минаб қаласындағы қыздар мектебіне зымыран түсуі салдарынан 100-ден астам адам қаза тауып, 95 адам жараланғанын хабарлады.
Сондай-ақ Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи мен бірқатар жоғары лауазымды күштік құрылым өкілдерінің, соның ішінде қорғаныс министрі Азиз Насирзаде мен Ислам революциясы сақшылары корпусының қолбасшысы Мохаммад Пакпурдың қаза тапқаны расталды.