Malim.kz
Әлем

АҚШ Таяу Шығысқа екінші ұшақ тасығыш кемесін жібереді

Арман Қайыпхан
Фото: US Navy/REUTERS

Пентагон Таяу Шығысқа қазір Кариб теңізінде орналасқан USS Gerald R. Ford ұшақ тасығыш кемесі мен оған еріп жүретін кемелерді жіберуді жоспарлап отыр. Ұшақ тасығыш тобы өздерінің тұрақты порттарына сәуірдің соңы немесе мамырдың басынан ерте оралмайды деп күтілуде. Бұл туралы жұма, 13 ақпанда төрт дереккөзге сілтеме жасаған The New York Times басылымы мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Жаңа бұйрықтарға сәйкес, USS Gerald R. Ford соққы беруші тобы АҚШ президенті Дональд Трамптың Иран режиміне қысым көрсету науқаны аясында Парсы шығанағындағы USS Abraham Lincoln тобына қосылады. Пентагон әзірге бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Осы аптаның басында Трамп Axios порталына берген сұхбатында аймаққа екінші ұшақ тасығыш кемесі пен оған қатысты кемелерді жіберу мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтқан болатын.

"Біз не келісімге келеміз, не өткен жолғыдай өте қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр боламыз", — деді Трамп.

Сондай-ақ ол Иранның соңғы жылдары АҚШ-қа қатысты «өте әділетсіз» болғанын алға тартып, бұл «жақсы келісім» болуы керектігін қосты.

6 ақпанда Оманда Иран мен АҚШ арасында жанама келіссөздер басталды. Президенттің арнайы өкілі Стивен Уиткофф бастаған америкалық делегация Тегераннан ядролық бағдарлама, зымыран арсеналы және Таяу Шығыстағы прокси-күштерді қолдауды тоқтату сияқты бірнеше бағыт бойынша жеңілдіктер жасауды талап етті.

Иран, өз кезегінде, санкциялар жойылған жағдайда ғана ядролық келісімді талқылауды қайта бастауға дайын екенін алға тартуда. Келіссөздердің бірінші кезеңінен кейін тараптар процесті оң бағалағанымен, әлі де келіспеушіліктер бар екенін атап өтті.

Иран делегациясын бастап барған Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи елдің уранды бейбіт мақсатта байытуды жалғастыра беретінін және «нөлдік байыту» саясатын қабылдамайтынын мәлімдеді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары