Malim.kz
Әлем

АҚШ-тың бірнеше әуежайында рейстер тоқтатылды

Алуа Әшірбекова
Фото: canva

АҚШ-тың солтүстік-шығысындағы бірнеше әуежайда талшықты-оптикалық кабельдің зақымдануына байланысты рейстер уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Malim.kz. 

Shyndyk.kz мәліметінше, кабель Нью-Джерси штатында құрылыс жұмыстары кезінде зақымданған. Ол әуе қозғалысын басқару жүйесінде қолданылып, ұшақтардың ұшуы мен қонуын үйлестіруге жауап береді.

АҚШ Федералдық авиация басқармасының (FAA) басшысы Брайан Бедфордтың айтуынша, зақымданған кабельдің ұзындығы шамамен 183 метрді құрайды. Оны қалпына келтіруге шамамен 13 сағат қажет болуы мүмкін.

Ақауға байланысты тиісті жүйелер уақытша өшіріліп, әуе кеңістігінің қауіпсіздігі тексерілген. Бедфордтың сөзінше, 90-ға жуық рейс басқа аймақтарға бағытталған. Кейбір рейстердің нақты қашан қайта орындалатыны әзірге белгісіз.

Кідірістер дүйсенбі күні таңертең басталған. Соның салдарынан ондаған ұшақ уақытында әуеге көтеріле алмаған. Іркілістер Нью-Йорк, Бостон, Филадельфия және Нью-Джерси әуежайларына әсер еткен.

Бостондағы Логан халықаралық әуежайы жолаушыларға АҚШ аумағындағы әуежайлар жұмысында уақытша іркілістер болуы мүмкін екенін ескерткен.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары