Malim.kz
Әлем

АҚШ-тың Украина бойынша бейбіт жоспарының мазмұны жария болды

Арман Қайыпхан
Фото: depositphotos.com

Ресей мен АҚШ арасындағы Украинадағы соғысты аяқтау жоспары украин армиясын қысқартуды және Киевтің Донбасстан бас тартуын көздейді. Бұл туралы батыс БАҚ-тары жазып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.

Reuters агенттігінің мәліметінше, АҚШ президент Владимир Зеленскийге Украина Ресеймен соғысты тоқтатуға арналған АҚШ әзірлеген рамкалық келісімді қабылдауы керектігін білдірген. Бұл құжат Киевке бірқатар аумақтан бас тартуды ұсынады.

Ұсыныстардың ішінде Украина Қарулы күштерінің санын қысқарту да бар. Агенттік дереккөздерінің айтуынша, Вашингтон Киевтің бұл ұсыныстарды қабылдағанын қалайды.

Бұл ақпаратты Financial Times журналисі Кристофер Миллер де растады.

“Мен Умеров арқылы Дмитриев–Уиткофф украиндарға АҚШ пен Ресейдің жедел ұсынысын ұсынып жатқанын растай аламын. Бұл Украина үшін капитуляцияға тең, ал жағдайдан хабардар адамдардың айтуынша, бұл Кремльдің асыра талаптары ғана”, — деп жазды ол Х әлеуметтік желісінде.

Журналистің дерегінше, ұсыныс мыналарды қамтиды: украин армиясын екі есе қысқарту, кейбір қару түрлерінен бас тарту, Донбасстан бас тарту.

Ал Axios порталының мәліметінше, АҚШ-тың Украина бойынша реттеу жоспары АҚШ пен басқа да елдердің Қырым мен Донбасты Ресейдің заңды территориясы ретінде тануын қарастырады, алайда Украинаның өзі бұған келісім беруге міндеттелмейді.

АҚШ-тың бейбіт жоспары Украинада УПЦ-нің ресми мәртебесін мойындауды, орыс тілін мемлекеттік тіл ретінде тануды, Киевке көрсетілетін әскери көмекті қысқартуды және Запорожье мен Херсон облыстарындағы сызықтарды “қатып қалдыруды” да қамтиды.

Бұған дейін БАҚ Дональд Трамп әкімшілігі Ресей–Украина соғысын тоқтату бойынша жаңа жоспар әзірлеп жатқаны және бұл үшін Мәскеумен құпия кеңесулер жүргізіп отырғаны туралы хабарлаған.

Axios дерегінше, әңгіме 28 тармақтан тұратын жоспар туралы болып отыр. Оны АҚШ арнайы өкілі Стивен Уиткофф пен Ресейдің Тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев әзірлеген.

Politico ақпараты бойынша, Ақ үйдегі дереккөздер Трамп әкімшілігі Украинадағы қақтығысты реттеу жөніндегі рамкалық келісімді осы айдың соңына дейін жасасуды көздеп отыр.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары