Украина президенті Владимир Зеленский елдің алдағы күндері АҚШ-тан Patriot әуе қорғаныс жүйесіне арналған PAC-3 зымырандарын алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, бұл келісімдерге НАТО саммиті барысында қол жеткізілген.
«Бұл саммит Украина үшін нәтижелі өтті деп есептеймін. Жақын күндері АҚШ-тан көмек пакетін аламыз. Сонымен қатар еуропалық серіктестермен де жеке келісімдер жасалды», – деді Зеленский.
Сондай-ақ Украина президенті Киев пен Вашингтон Украина аумағында Patriot жүйесіне арналған зымыран-тосқауылдағыштарды өндіруге лицензия беру жөнінде саяси келісімге келгенін хабарлады. Оның сөзінше, енді тараптар техникалық мәселелерді келісуі тиіс.
PAC-3 зымырандары баллистикалық зымырандарды жоюға арналған. Бір зымыранның құны шамамен 5 миллион долларды құрайды және олар қазіргі уақытта тек АҚШ пен Жапонияда өндіріледі.
Украинада PAC-3 зымырандарының тапшылығы әуе қорғанысындағы ең өзекті мәселелердің бірі саналады. Бұған дейін Украина қорғаныс министрінің кеңесшісі Сергей Бескрестнов елде баллистикалық нысандарды атып түсіруге арналған зымырандар іс жүзінде таусылғанын мәлімдеген болатын.
Украина билігінің мәліметінше, Ресей соңғы жаппай шабуылдардың бірінде Киев пен Киев облысына қарай 23 баллистикалық «Искандер-М» және С-400 зымыранын ұшырған.